Ресми

Лайықты азамат

«… Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп ұлы Абай айтқандай, бүгінгі таңда Nur Otan партиясынан праймеризға қатысып отырған Мейрам Ысқақов турасында айтсақ, ол еңбегі мен ақылы сай келетін азамат.

 

Мейрам қандай іске болсын қабілетті, өз мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қоятын, өзгені құрметтеп, сол арқылы өзін де сыйлата біледі. Ол халқымыздың асыл қасиеттерін бойына сіңірген, адамгершілігі мол, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, мансаптыққа мастанбай, халық үшін қиындықтан да жасқанбаған жан.

Мейрам Ысқақов Қушоқы елді мекенінде дүниеге келген, орта мектепті Нұра ауданының Казгородок ауылында жақсы аяқтап, Целиноград инженерлік құрылыс институтына оқуға түсті. Ол жоғары оқу орнын да жақсы аяқтап, таңдаған мамандығы бойынша еңбек жолын құрылыс мекемесінде бастап кетті. Құрылыста инженер болды. Оның кәсіби шыныққан сәті әскер қатарында болды. 1989-1991 жылдар аралығында әскери құрылыс батальонында рота командирінің орынбасары болып Ресейдің Десногорск қаласында атом электр станциясын, одан соң Украинаның Южноукраинск қаласында «Ташлық» су электр станциясын салуға қатысуы еді. Бұл ірі құрылыстарға қатысуы оған мол өмірлік те, кәсіби де сабақ болды.

Одан соң Мейрам мемлекетіміздің құқық қорғау және еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында абыройлы қызмет етті. Қай салада жүрсе де ол жоғары жауапкершілігімен, тыңғылықтылық пен жан-жақты білімділігімен ерекшеленді.

2010 жылдан Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылығын басқара отырып, жұмысты жаңаша ұйымдастыруға, еңбек тәртібін жақсартуға, басқару ісіне оңтайлы әдістерді енгізіп келеді. Қарағанды қаласын тек абаттандырып қана қоймай оны жарықтандыру, электр қуатымен қамтамасыз етуді де жетілдіруде. Кәсіпорынды басқара жүріп Мейрам республика көлеміндегі күрделі құрылыстарға атсалысты. Ерекше атап өтетінім, Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмысына Қарағанды облысы атынан барып, құрылыс жұмыстарына басшылық жасады. Соның арқасында облыс өзіне берілген тапсырмаларды бірінші болып орындап шықты. Ал Мейрам болса мемлекеттік наградаға ұсынылып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, оған «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі тапсырылды.

Еңбекқор, ізденімпаз, кәсіби білгір маман, саяси сауатты – Мейрам өз ортасында сыйлы, беделді. Өзі оқыған мектебін, туған ауылын да ұмытпай, әрқашан демеушілік көрсетіп, қолғабысын беріп жүреді.

«…Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деген екен ғұлама әл-Фараби. Ендеше қай жағынан алсақ та еліміз үшін тер төгіп жүрген, халқына жанашыр осындай азамат халық қалаулысы болуға әбден лайық!

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button