Жаңалықтар

Тіспен бірге, жанды емдейді

Жаңаарқада Борис БУРШТЕЙН есімді дәрігерді білмейтін жан жоқ. Алдына барсаңыз, тісіңізді ғана емес, жаныңызды да емдеп жібереді. Жібектей мінезімен. Алатаудан Арқаға қоныс аударғанына 40 жыл уақыт болды. Қазір Жаңаарқа жұртының құрметтісі.

Иә, 1982 жылы Алматыдағы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, тіс дәрігері мамандығын алып шығады. Оқыған, тоқыған маманды институт Жаңаарқаға жұмысқа жібереді. Туған жерінен алыстау оңайға соқпасын біледі мырзамыз, бірақ болашағына сенеді. Жүрегі тартады Арқаға. Жаңаарқа жұрты да жатсынбай, жылы лебізбен қарсы алады. Қолында күректей дипломы бар білікті маманды төріне оздырады. Борис Ефимович та мұндағы жұрттың ықылас-құрметіне масаймады. Керісінше, алдына келген науқастың бәріне көмегін аямады. Көпшілік мықты тіс дәрігерін «қолы жеңіл» деп жатады ғой. Сондай білгір де білікті маманды аудан басы ғана, ауыл тұрғындары да жақсы таниды. Әбден сенім білдіріп алған: алдына барса болды, сөзсіз жазылатынына.

Борис мырзаның ұлты – еврей. Арқада жүріп, өсті, өнді. Өзі секілді институттың бағыт-бағдарымен келген украин қызын жар етіп, шаңырақ көтереді. Яғни, жары Қарағандыдағы медициналық институтты терапевт дәрігер мамандығымен тәмамдаған. Қазір зейнет демалысында. Сөйтіп, бір шаңырақ астында, яғни аудандық орталық ауруханада қатар еңбек сіңірді. Елена Ростиславовна да білікті дәрігерлердің бірі. Тіпті, «Елена ханымды арнайы іздеп келетін пациенттер көп болатын еді» дейді білетіндер.

Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір балалары Қарағандыда еңбек етуде. Демид есімді сүйікті немерелері бар. Демалыс сайын келіп тұрады балалары. Қазақ тілін жақсы меңгерген десе де болады. Юлия есімді қызы 10-сынып оқып жүрген кезінде қазақ тілі пәнінен облыстық олимпиадаға қатысып, II орын иеленіпті. Міне, осы секілді балаларының жетістігіне марқаяды.

Таңырқаймыз, бір жерде табан аудармай 40 жыл еңбек еткеніне. Сол еңбектің дер кезінде еленгені де көңіл марқайтады емес пе? 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының медалімен марапатталды. Сондай-ақ, дәл осы жылы еңбегін адал атқарғаны үшін Денсаулық сақтау министрінің марапатын да алады.

«Ауруханада еткен еңбек жылдарымда барынша қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін айтқан әріптестеріме шексіз ризамын. Жаңаарқа тұрғындарына да мың алғыс. Өте қарапайым. Бізді жатсынбады. Өздеріндей көрді. Осында шаңырақ көтердік. Адал суымызды осында іштік. Балалар да оқыды, тоқыды. Тәубе. Жалпы, Қазақ еліне айрықша алғыс. Нағыз бірлігімен үлгі әлемге», – дейді Борис мырзаның өзі. Өз кезегімізде біз де Жаңаарқа жұртшылығы атынан алғыс айтуға мүдделіміз. Өйткені, балалардың тістері күріштей, күлкісі күмістей болуына барын салды. Ауданда тіс дәрігері ол кезде тапшы болды ғой. Білікті маманды қайда барамын десе де құшақ жая қарсы алады. Бірақ, Борис мырза мұны жан-тәнімен ұғынды. Өзінің тәжірибесі, білгірлігі мұндағы халыққа керек екенін білді.

Аудандық орталық аурухана директоры Еркебұлан Бейсембаев Борис Ефимовичтің ұжымда орны ерекше екенін айтады.

Шынын айтсақ, Борис Бурштейн кәсіби деңгейі жоғары маман. Жауапкершілікті жақсы түсінеді. Міндетін адал атқарады. Біздің үлкен санаттағы дәрігерлеріміздің бірі. Жаңаарқадан бөлек, сырттан да тіс жұлдырып, оны емдетіп жататындар бар. Мұндай білікті мамандардың бары – біздің аурухананың абыройы. Отбасымен осы салада ғой. Болмысы дәрігер жандар. Байқайтыным, Борис мырза, көбіне, тісті жұлуға қарсы. Керісінше, ерінбей емдеп шығады. Халық та батасын беріп, тілегін жаудырып жатады. Қысқасы, біз көп мақтамаймыз, мақтанамыз, – дейді аурухана басшысы.

Біз де әңгімемізді созбай, Борис мырзаға бай-қуатты ғұмыр тіледік.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button