Ресми

Жаңа үйлер салынады

Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі тұрғын үйлер құрылысы қарқын ала түседі. Келесі жылы 30-шы шағын ауданда жаңа көпқабатты үйлердің құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл үйлер тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына арналған. Жобаны іске асыру, шамамен, 1100 отбасыны пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа жобаны жүзеге асыру бойынша үшжақты меморандумға облыс әкімдігінде өткен кездесуде қол қойылды. Келісім жергілікті биліктің, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және құрылыс компаниясының өзара міндеттемелерін қарастырады.

– Бұл – қарағандылықтар үшін өте маңызды жоба. Оны іске асыру облыс орталығының тұрғындары үшін тұрғын үй мәселесін шешуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Біз өзімізге міндеттемелер аламыз және оларды орындаймыз. Ол міндеттемелерге жер телімін беру және инфрақұрылым жүргізу жатады, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 30-шы шағын аудандағы жаңа тұрғын үй құрылысының ауданы шамамен 6 гектарды құрайтынын хабарлады. Құрылыс жобасы «ККК Бетон» ЖШС басшылығымен пысықталды.

Жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезеңге жоспарланып отыр.

– Жобаны іске асыру біздің комбинаттың өнімділігін арттыруға, көп жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, бұл – Қарағандыда тұрғын үй салуға қатысты ауқымды бесжылдық жоспар. Жалпы алғанда 100 мың шаршы метрден асады. 1100-ге жуық отбасы пәтер ала алады, – деді «ККК Бетон» ЖШС директоры Александр Кику.

Оның айтуынша, жер телімі бөлінгеннен кейін бірден жобалау басталады. Құрылысты келесі жылдың сәуір айында бастау жоспарлануда. Белгілі болғандай, панельдік құрылыс монолиттіге қарағанда екі есе тезірек жүргізіледі. Осы технология бойынша көпқабатты үйлер төрт-бес айда салынады.

Меморандумға сәйкес, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларының пәтерлері бір шаршы метріне 220 мың теңгеден аспайтын бағамен сатылатын болады.

– Қарағанды облысында бұл схема 2018 жылы сәтті сынақтан өтті. Салымшылардың құрылыс кезеңінде емес, дайын тұрғын үйді сатып алуының артықшылығы бар, – деп атап өтті «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспаев.

Облыста «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету өсуде. 2019 жылы 206 несие берілсе, ал, биыл бұл көрсеткіш 306-ға жетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button