АймақЖаңаарқа

Жайлауы – жасыл, мұраты – асыл Ералиев ауылындағы еңселі істер

Жуырда Жаңаарқа ауданына қарасты Ералиев селолық округінде спорт кешені мен көп функциялы корд салтанатты жағдайда ашылды. Әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Юржан БЕКҚОЖИН, аудандық мәслихаттың хатшысы Қуат ИМАНТҮСІПОВ арнайы қатысып, бюджетке алақан жаймай, ауылды сәулеттендіруге ұйытқы болып жүрген ел азаматтарына алғыстарын жеткізді.

Қателеспейік, бюджетке алақан жаймаған дейтіндей, бұл ауыл назардан тыс қалып, аудандық бюджеттен ештеңе бұйырмай отырған ауыл емес. Биыл ғана жергілікті бюджеттен бөлінген 60 миллион теңге қаржыға ауыл ішіндегі 2 шақырым жол асфальтталды. Жаңадан ашылған спорт кешені жанындағы кордқа да аудан қазынасынан 4 миллион теңге, ал, күрес залына 7 миллион теңге бөлінген. Мәдениет үйіне де осы жылы 10 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жасалыпты. Соңғы жылдары ауылда жарық мәселесі өзекті болып, күн тәртібіне көтерілген еді. Оның да түйіні биыл тарқады. Аудандық бюджеттен 5 миллион 600 мың теңге қаражат бөлініп, бұрын бір ғана ескі трансформаторға жалғанған ауыл желісі 3 трансформаторға бөлінді. Оның екеуі бюджет қаржысына орнатылса, біреуі – «Толағай» ЖШС директоры, ауыл Атымтайы Самат Арыстановтың тартуы. Самат Сағындықұлы, сондай-ақ бір көшеге өз қаражаты есебінен 12 баған орнатып, туған көшесін самаладай жарқыратты. Спорт кешені болып жабдықталған ескі ғимаратты жаңғыртуға жұмсалған 3 миллион теңгені ауыл тұрғындары өздері шығарса, күрес залына алынған татамиге 1970 жылы туған түлектер 1 миллион теңге, кордты жабдықтауға 1972 жылы туған түлектер 2 миллион теңге жинаған. Міне, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын «Туған жерге туың тік» бағытының бір ауылдағы жемісі – осындай!

– Ералиев ауылы – бірлігі бекем ауыл. «Мемлекет жасап береді» деп, қол қусырып отырмай, белсенді азаматтардың ұйымдастыруымен бірқатар жобаларды өздері жүзеге асырды. Біз де қазына қаржысын осындай ауылдарға бергіміз келіп, бүйрегіміз бұрып тұрады, – дейді аудан әкімі Юржан Асанұлы.

Иә, Ералиев ауылы – Арқадағы ажарлы ауылдардың бірі. Жылына 10-15 үй салынып, қанатын жайып келеді. Ынтымағы ырысқа бастаған ауылдың абыройы биылғы індет кезінде тіптен асқақтады. Ауыл еріктілерінің ұйымдастыруымен Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа аудандық ауруханасына тонналап қымыз, құрт, ірімшік жөнелтілгені туралы сүйсіне һәм сүйіншілей жазғанбыз. Осынау сауапты істің басы-қасында жүріп, оңтайлы ұйымдастырған Нұржан Бейсенбин, Ерлан Түсіпов, Қуат Сарымсақов сынды азаматтардың есімі тура бүгін құрметпен аталуы тиіс.

Ол аз десеңіз, Қосар Исатаев, Берген Қожамұратов, Ағыбай қажы Оңғаров, Жанболат Жуанышбаев, Ізтөлеу Мәмбетов, Мейрамбек Қалмағанбетов, Өміржан Көпбосынов секілді Атымтай-Жомарт жандардың қолдауымен айналасы бір жарым сағаттың мұғдарында 7 оттегі концентраторына қаржы жиналып, ауыл емханасына тапсырылды.

Аудан әкімінің берекелі ауылға жасаған сол күнгі сапары «Қызылорда-Павлодар» тас жолынан Ералиев ауылы бағытындағы бұрылыстан басталған. Бұл жерде ауыл мектебінің 2005 жылғы түлектерінің ұйымдастыруымен жасалған белгі құрылысымен танысты. Күннен энергия алатын батареямен жабдықталған кешен – темірден түйін түйген шебер, ауыл тумасы Жанат Дуанбековтің туындысы. Дизайнынан бастап, дәнекерлеу, әрлеу жұмыстарына дейін өз қолынан шыққан композициялық кешен құрылысына 700 мың теңге қаржы жұмсалғанын айтады Жанат Жәнібекұлы.

Бұдан кейінгі аялдама ауылдың кіреберісіне орнатылған «Жан жүрегім – Ауылым» кешені болды. Ауылдың ажарын үстемелеп, сәулетін салтанатқа бөлеген құны 1,5 миллион болатын кешен – 1995 жылғы мектеп түлектерінің тартуы. Бұл кешеннің де авторы – Жанат Дуанбеков. Жалпы, Жанат шебердің туған ауылына жасап жүрген тартуы бұл екі кешенмен шектелмейді. 2018 жылы өз бабасы, көрнекті қоғам қайраткері Шәбден Ералиевтің туғанына 120 жыл толуына орай ашылған саябақтың барлық абаттандыру жұмыстарын бір өзі атқарғанын ел біледі.

Ауылдағы имандылық ұясы мешітке аялдадық. Мешіт те ине-жіптен жаңа шыққандай кейіпке еніпті. Сыртқы қасбеті жаңартылып, келбеті кемелденген. Мұндағы құрылыс жұмыстарын ауылдың 1974 жылғы туған азаматтары жүргізген екен. Өз орталарынан 1,5 миллион теңге қаржы жинап, сауапты іс тындырған Қайырбек Кемелов бастаған жігіттерге ауыл ақсақалдары дән риза.

Ажарлы ауылдың базарлы тірлігіне ұйытқы болып, ауыл тұрғындарын берекелі іске ұйыстыра білген ауыл әкімі Ербол Мәмбетовтің ілкімді іскерлігі мен ерен еңбегі айқұлақтанып тұр. «Жас келсе – іске» демекші, орда бұзар жасында тізгін ұстаған жігерлі жастың әлі де талай игілікті іс тындырарына ел – сенімді.

…Жаңаарқа десе, бал қымыз еске түседі. Қымыз демекші, өткен жылы «1000 күбі» жобасымен Гиннестің рекордтар кітабына енген Жаңаарқаның абыройы асқақтап, алты құрлыққа мәлім болғаны естеріңізде шығар. Сол шарада сапқа тізілген 1000 күбінің жартысынан көбі осы Ералиев ауылынан шыққан-ды. Белгілі айтыскер, осы ауылдың перзенті Өміржан Көпбосыновтың «Жаңаарқадағы бал қымыз» әнімен тербеліп, сайын даланы саумал иісі кернеген сәтті қалай ұмытайық?! Салтанатты рәсімде «1000 күбі» жобасында қымыз баптаудың қырсырын айтып, күбі піскен қазақ келіндеріне батасын берген ардагер ұстаз, аяулы ана Рабиға Нұрланова мен ән авторы Өміржан Көпбосынов мерейтойлық медальмен, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, жобаға қатысқан барлық шаруа қожалықтарына Гиннестің рекордтар кітабының арнайы сертификаты тапсырылды.

Карантин талаптарын жан-жақты сақтай отырып ұйымдастырылған салтанатты шарада күй күмбірлеп, әсем ән асқақтады. Ауыл азаматтарының бастамасымен, аудан басшыларының қолдауымен ашылған құрқұлтайдың ұясындай шағын спорт кешенінің төрінде қазақ спортының болашақ жұлдыздары жарқырап тұрғандай көрінді маған. Салтанатты шарада сөз алған «Қазақстан барысы» Асыл Бәрменов пен Әлем чемпионы Айдос Ғалымов өздері секілді спорт жұлдыздарының осы ауылдан да шығуына тілектестік білдірген. Ал, мен болашақ Асыл мен Ғалымды ішке ентелеп, кілемге ұмытылып тұрған қара домалақтардың ортасынан көріп тұрғандаймын.

Айтпақшы, бізге де лебіз білдіру бақыты бұйырған. Мен жаңа кешенге қазақ спортының жарық жұлдызы, еркін күрес бойынша Жаңаарқадан шыққан тұңғыш СССР спорт шебері Жақсыкүн (Танау) Нығызбаевтың есімін беру туралы ұсынысымды ортаға салдым. Халық қолдады, ресми билік құп көрсе… Жалпы, бұл ауылда есімі ел жадында сақталуға сұранып тұрған екі асқақ тұлға бар. Бірі – осы Жақсыкүн Нығызбаев болса, екіншісі – қазақ ән өнерінің дүлдүлі Көлмағанбет Нұрмағанбетов. Көлекең марқұм – әйгілі Игілік Омаровтың шәкірті. 1984 жылы – қазақ айтысының тамырына қан жүгіре бастаған тұста республикалық додада топ жарған ақындығы және бар. Осы Көлекең есімін ауылдың мәдениет үйіне беру туралы ұсыныс көптен айтылып жүр.

…Іргесі берік, ымырасы бекем, еңсесі биік Ералиев ауылына жасаған бір күндік сапарымыздың әсері – осындай. Қазақтың әр ауылы осындай болса екен деген тілекпен атқа қондық. Жайлауы – жасыл, мұраты – асыл ауылдың түтіні будақтап, ту сыртымызда қалып барады. Алаңдап, артымызға жиі қараймыз. Қимастық шығар…

Ерсін МҰСАБЕК.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button