Руханият

«Atamnyn Amanaty» лауреаты атанды

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қазақстандық сарбаздардың жерленген жерлерін анықтап, мұрағаттық-іздестіру жұмыстарымен айналысатын «Atamnyn Amanaty» ұйымы бүкілресейлік «Ыстық жүрек» сыйлығының лауреаты атанды. Ресей Федерациясы Әлеуметтік-мәдени бастамалар қорының сыйлығымен марапаттау рәсімі «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтында өтті. Шараға Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің басшысы Алексей Коропченко қатысты.

Жалпы, «Atamnyn Amanaty» ұйымы құрылғанына аз ғана уақыт болса да, соғыс кезінде хабарошарсыз кеткен 600-ден астам сарбаздың сүйегін тапқан. Сондай-ақ, 2019 жылы Қорғаныс министрлігі және Алматы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан 5 сарбаз бен офицердің сүйектерін салтанатты түрде елге жеткізген болатын.

Биыл ұйым «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының бастамасымен қолға алынған «Өзгерістер саруарлары» акселерациясының жеңімпазы ретінде үздік 20 жобаның тізіміне енген. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Төрағасы Данияр Есиннің айтуынша жоба қазақстандықтардың патриотизмі мен Отанға деген сүйіспеншілік сезіміне бағытталған.

– «Atamnyn Amanaty» ұйымының өкілдері қоғамдық сананы жаңғырту бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нағыз елшілеріне айналды. Бұл өз елінің тарихи мұрасына бейжай қарамайтын жас қазақстандықтардан құралған ұйым. Бүгінгінің батырлары десек те болады. Өйткені, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткендерді іздеп, олардың мәңгі есте қалуы үшін мұрағаттық-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқандықтары үлкен ерлік. Майданда соғысқан 1,5 миллион қазақстандықтың 270 мыңы хабар-ошарсыз кеткен. Арада талай жыл өтті. Сол кездегі куәгерлердің көбі бүгінде өмірде жоқ. Яғни, деректердің жойылғанына байланысты із-түзсіз жоғалғандарды табу өте қиын. Соған қарамастан «Atamnyn Amanaty» ұйымы табандылық танытып, талай сарбазды табуға еңбек сіңіріп жатыр, – дейді Данияр Есин.

Ресей ынтымақтастығы өкілдігінің басшысы Алексей Коропченко ата-бабаларымыз туралы естеліктерді жаңғыртуда «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің маңыздылығына тоқталып, жастардың сана-сезімін оята алатын үлкен жоба екендігін атап өтті. Ал өз кезегінде «Atamnyn Amanaty» басқармасының төрағасы Мұрат Молдағалиев «Бұл марапат – тарихи жадымызды қалпына келтіру үшін тынбай еңбектеніп жүрген замандастарымыздың жұмысына берілген баға. Біз «Рухани жаңғыру» жобаларының акселерациясындамыз. Осы орайда өз тәжірибемізбен бөлісуге әрдайым дайынбыз», – деді.

Айта кету керек, «Ыстық жүрек» сыйлығын Ресей Федерациясы әлеуметтік-мәдени бастамалар қоры табыстайды. Қор мемлекеттік және қоғамдық бастамалар мен жобаларды қолдаумен, сондай-ақ, Ресей мен ТМД елдерінің халықаралық және аймақаралық мәдени байланысын күшейтумен айналысады. Ал, «Atamnyn Amanaty» жобасы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Акселераторлар бағдарламасы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button