Жаңалықтар

Періште пейіл

Әлеуметтік желіде көзге оттай басылған бір сурет жүр. Желідегілердің де ықыласына ерекше бөленуде. Сурет болғанда бейнежазбадан қиып алған кадр ғой. Төтенше жағдай кезінде Шымкентте түсіріліпті. Бүлдіршін сапта тұрған сарбазға қолын созып, амандасып тұрған сәт.

О баста «Отырар» телеарнасының операторы Амантай Әуелбеков кішкентай бала әскери қызметкермен амандасу үшін жүгіріп бара жатқан кезді видеоға түсіріп алыпты. Содан соң тамаша кадрдың фотоға сұранып тұрғанын біліп, бейнежазбадан қиып алыпты. Сурет желіге жүктеле салысымен, оны бөлісушілер көбейген.

Суреттегі жауынгер Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінде 10 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатыр. Шахрух Хасанов кішкентай балалардың әскери қызметтегілердің жанына жиі келетінін, қару-жараққа қызығып, суретке түскісі келетінін айтады. Және осы жағдайда балақайдың жүгіріп келген жүректілігіне тәнті болған.

Суреттегі батыр бала Әлиханның жасы небары 2-де. Әкесі Аманбай Спаналиев ұлының адам жатырқамайтынын, зерек екенін айтып мағмұрланады.

«7 күні сағат 10-11-лер шамасында мен үйде интернет жоқ болған соң, далаға таза ауа жұтуға шыққым келді. Балам да барамын деген соң, ертіп шықтым. Ойымда ештеңе жоқ, алаңға баратын болдық. Балам жүгіріп барып, әскери адамдардың екі-үшеуіне амандасты. Біз түсіріп жатқанын байқамадық. Өзімізді әлеуметтік желіден көріп, мәзбіз. Алла қаласа, ертең өскен соң айтып беремін ғой. Ұлт көсемі ғой Әлихан. Атына лайық азамат болса деп тілеймін. Алла тіл-көзден сақтаса екен», – дейді әкесі.

Иә, бала Әлиханның да күні ертең атқа мініп, қазақ батырының біріне айналмасына кім кепіл? Біз бүлдіршіннің жарқын болашағына сенгіміз келеді, Ұлт мүддесін биік қойған беделді тұлға ретінде танығымыз келеді.

Сарбаз Шахрухтың да екі ұлы бар. Бірнеше күн отбасымен қауышпаған ол өзінің де балаларын сағынып жүргенін жеткізді.

Ал, әлеуметтік желі қолданушылары әлі күнге дейін әсерлі суретті өз парақшаларына салып, жариялап жатыр.

Біздің де жүрегімізді қозғаған соң, суреттің сырына осылай үңілдік. Бір сөзбен айтқанда, періште пейіл.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button