Жаңалықтар

Оқу орындары сатылмайды

Қазіргі уақытта мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Құрылымының өзгеруінен кейін ел ішінде сол университеттердің жекеменшікке сатылуы мүмкін деген күдік пайда болды. Жақында Президент мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтыны туралы нақты айтып, ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарын тек мемлекет меншігінде қалдыру туралы тапсырма берді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ЖОО-лардың басым бөлігі XX ғасырдың 30-40 жылдары құрылғандықтан тарихи тұрғыдан да еліміздің басты салалық жоғары оқу орындары болып табылады. Еліміздегі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Satbayev University (Қ. Сəтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) және Абай атындағы ҚазҰПУ сияқты жоғары оқу орындары білім беру жүйесі, ғылыми және инновациялық әлеуеті жағынан алдыңғы қатарда. Оларда еліміздегі студенттердің 40%-ы оқиды, сондай-ақ 35 мыңнан астам оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді.

Сонымен қатар, мемлекет жоғары білім саласындағы жеке секторға да айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді. Себебі, қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының 50%-ы жекеменшік болып табылады. Мемлекеттік ЖОО-ны жекешелендіру отандық білім беру жүйесінің, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметінің тұтастығына орны толмас зиян келтіріп, университеттердің мүліктік кешенінің бұзылуына да себеп болуы мүмкін. Сондықтан, Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік университеттер коммерциялық емес акционерлік қоғамдар формасына ауысқанымен, жекешелендірілмейді және мемлекет меншігінде қалады. Академиялық тұрғыда әлдеқайда еркін және қоғам алдында есеп беріп, барынша ашық жұмыс істей алады.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button