Жаңалықтар

Қала ортасында – қара мысық

Көрпемен қоршалған қара мысық муралы Назарбаев даңғылындағы «Галерея» сауда үйі жанында орналасқан үйлердің бірінде бейнеленді. Жаңа муралға бастамашы болған – Қарағандының урбанистика орталығы. Картинаның авторы – жазушы және Алматы қаласының суретшісі Тоня Шипулина.

«Жұмыс мұқият жасалды. Ең бастысы, түпнұсқаның өзіндей. Әрине, бұл – автор үшін маңызды. Аталмыш мурал Қарағанды тұрғындарына қуаныш сыйласын!» – деп жазды Тоня Instagram-да. Сурет кездейсоқ таңдалмаған. Муралды жасаушылардың айтуынша, мысық адамға жағымды көңіл-күй сыйлайды екен.

– Мысықты көп адам жақсы көреді. Ал, мына марғау, тіптен, ерекше әсер етеді. Ол үйдегі жайлылықты білдіріп, ұлттық нақыштағы көрпеде жатыр. Эскиз қалалық әкімдікте мақұлданды. Біздің жоба менеджері Жанна Ордабаеваны атап өткім келеді. Бізді Romantic гүл жеткізуші компания да қолдады, – дейді Қарағанды урбанистика орталығының баспасөз хатшысы Алиса Григорьева-Волконитина.

Жұмыс екі аптаға созылды. Алдымен жұмысшылар ғимараттың бетін тегістеп, сылап шықты.

Содан кейін қала белсенділері Антон Мигай мен Алексей Воеводин сурет салуға кірісіпті. WOOPPAY компаниясының дизайнерлері бос уақытында муралды тегін бояды. AirG командасының жігіттері де көмектескен көрінеді.

Республика даңғылындағы 16 қабатты үйде арт-объект бойынша жұмыс қайта жанданды. Мурал көтеру құрылғысының жоқтығынан аяқталмай қалған болатын. Қазір альпинистер мен AirG командасы жұмыс істеуде. Тамыздың ортасына қарай қабырғада Қарағанды аспаны, батып бара жатқан күн және әуе шарлары көрініс таппақ. Сонымен қатар, Майқұдыққа да арналған эскиздер бар. Қаржыландыру мәселесі шешілуде.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button