Жаңалықтар

Алғыс арқалағандар

2016 жылдан бастап елімізде 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде атап өтілуде. Қарағанды қаласындағы Достық үйінде өз еңбегіне адал тәртіп сақшылары, өрт сөндірушілер, донорлар, журналистер, дәрігерлер, еріктілер мен меценаттар салтанатты түрде халықтын ризашылығына ие болды.

 

Бүгін біздің елімізде үлкен мереке – Алғыс айту күні. «Алғыспен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» дейді халық даналығы. Сіздердің барлықтарыңызға туған өлкеміздің өркендеуіне қосып отырған үлестеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қаңтар оқиғаларынан кейін бұл күн жаңа ауқыммен толықты деп айтуға болады. Сынақ кезінде ашуды ақылға жеңдірген тәртіпсіздікке барған жоқ. Әрине, әскери қызметтегілер, медицина саласының қызметкерлері, журналистер ынтамықтың үлгісі болды. Өкінішке орай Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің бірнеше сарбазы ерлікпен қаза тапты. Олардың қатарында жерлестеріміз Ұлттық Ұланның сарбаздары Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері Әділ Нұркенов бар. Батыр сарбаздардың ата-аналарына, туған-туыстарына осындай елім-жерім деген азаматтарды тәрбиелегендері үшін үлкен рахмет айтқым келеді, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің №12 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Дамир Оразбеков демалыс күні әпкесіне Гвардейская көшесіне бара жатқан. Кенеттен ол көмекке шақырған әйелді байқаған. Жанып жатқан үйде екі бала қалғанын естіген жас жігіт  бірден көмекке ұмтылған. Дамир кәсіби іс-әрекеттің арқасында 12 және 14 жастағы екі баланы және өрт ішінде қалған қарт әжейді құтқарып қалған.

Ал, Екатерина Ряполова болса 18 жасынан бастап қан тапсырушы – донор болып келеді. Осы уақытқа дейін ол қырық шақты рет қан тапсырған. «Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай болып тұрады. Ауырған адамға немесе жол апатына түскен жанға қан керек болып шарқ ұрып іздейтіні бар. Сол уақытта осы донорлардың қаны адам жанын сақтап қалуға көмектеседі. Мен бұл ісімді парызым деп санаймын» дейді. Донорлар қатарында қарапайым жұмысшы Берік Тоқабаев та бар.

Сонымен қатар еріктілер қатары да күн сайын артуда. Бүгінгі жиынға шақырылған «Отзыв» қайырымдылық қорының негізін қалаған Александр Корогодов 10 жылдан астам уақыт көпбалалы және нағдайы нашар отбасыларға өз көмегін тигізуде. Осы және де басқа бейбіт өмірдің батырларына: «Көктемнің алғашқы келетін алғыс айту күнінің маңызы жыл өткен сайын артып, бірлік пен сыйластықтың, мейірім мен ізгіліктің айнымас темірқазығына айналды.

Еліміздің тыныштығын қорғау, денсаулық пен білім салаларын дамыту жолында аянбай қызмет етіп, өзгенің мұңына ортақтасып, мейірім шуағын төгіп жүрген қайырымды жандар ортамызда және олардың ерліктері әрқашанда біздің жүрегімізде.

Сіздерге жаңа Қазақстандық қоғам құру ісіндегі табысты еңбектеріңіз және облыстың қоғамдық саяси өміріне белсенді қатысқаныңыз үшін алғысымды білдіремін» делінген облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button