«Еститін Үкіметтің» ел ішіндегі бір күні: Қарағанды облысына министр Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді
Қарағанды облысына Ұлттық экономика министрі Әлібек ҚУАНТЫРОВ жұмыс сапарымен келді. Министр сапарын Осакаров ауданындағы Есіл ауылынан бастады. Онда жергілікті халықпен кездесіп, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Одан кейін Бұқар жырау ауданы, Ростов ауылындағы мектеп-интернаттың жөндеу жұмыстарымен танысты. Қарағанды ірі индустриалық аймақ саналады. Әсіресе, Саран қаласының бұл саладағы жұмысы қызу. Бірқатар нысандарды аралап, жұмыс жүйелілігімен танысты. Сапар түйінін «Атамекен» ұлттық палатасында өткен жиында тарқатты. Бұл жерде қарағандылық бизнес өкілдерімен жүздесіп, бірқатар мәселелерді талқылады.
Есілдегі елмен кездесу
Осакаров ауданының тұрғындары министр алдында мәдени, спорттық, медициналық және инфрақұрылымдық нысандар төңірегінде мәселелер көтерді. Есіл ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі Любовь Калашникова клубтың 1992 салынып, содан күрделі жөндеу көрмегенін жеткізді. Мәдениет үйі ескіріп тұрған басқа да ауылдардың баршылық екенін де айтты. Министр Озерное, Садовое және Бетпақ ауылындағы нысандарды күрделі жөндеуге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы негізінде 394,4 млн. теңгеге өтінім жіберілгенін атап өтті. Бұл мәселенің Республикалық бюджеттік комиссиясының отырысында қаралатынын айтты.
Сонымен қатар, Осакаров кентінің тұрғыны бассейн құрылысын қолдауды сұрады. Яғни, бассейннен бала жүзуді үйренеді. Судағы жазатайым оқиғаларға жол бермеу үшін қажет екенін алға тартты тұрғындар. Әлібек Қуантыров бұл мәселе келесі жылы облыстық әкімдіктен бюджеттік өтінім түскеннен кейін міндетті түрде қарастырылатынын айтты.
Ауыл тұрғындары Осакаров-Есіл-Тельман облыстық маңызы бар жолдағы көпірді жөндеу, Николаев ауылын сумен жабдықтау желілерін қайта құру, Осакаров елді-мекенінде газ құбырын жүргізу, сондай-ақ Қарағайлы ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салу секілді мәселелерді қозғады. Өз кезегінде министр аталған мәселелерді шешуге көмектесуге және ауыл тұрғындарының талап-тілектерін тиісті ведомстволарға жолдауға уәде берді.
Барлығына баға – кедергі
Ұлттық экономика министрі Осакаров ауданының Есіл ауылдық округінде Осакаров-Есіл- Тельман автожолындағы көпірдің, кентішілік жолдар мен жергілікті мәдениет үйінің жай-күйімен танысты.
Одан кейін министр Бұқар жырау ауданы, Ростов ауылына келді. Бұл ауылдың мектеп-интернатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында аталған жобаға 336 млн. 902 мың теңге бөлініпті. Былтыр ішін толық күрделі жөндеуден өткізіпті. Биыл сыртын қаптап жатыр. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын қыркүйек айының ортасына дейін тапсыратын айтты. Яғни, 1 қыркүйектен бастап, балалар келіп оқи береді. «Сыртқы жұмыстардың бұған кедергісі жоқ» деп отыр Бұқар жырау ауданының әкімі Сержан Аймақов. Мұнда 424 бала білім алады. Интернатта 70-ке жуық бала жатып, оқиды. Мектеп басшылығының қуанышы зор. Өйткені, 30 жылға жуық уақыт қабырғасы тозып, әбден ескірген екен бұл мектеп.
Сондай-ақ, жұмыс сапары кезінде ведомство басшысы Саран қаласындағы орталық қазандықтың құрылыс алаңына барды. Жоба іске қосылғаннан кейін шамамен 250 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бас мердігер ұйым – «TemirZat» ЖШС. Жобаны іске асырғаннан кейін 282 көпқабатты тұрғын үй және 20 әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысан орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Қазандықтың жобалық қуаты – 100 Гкал. Ал, жобаның құны – 7,1 млрд. теңге. Бас мердігер құрылыс материалдары бағасының қымбаттауына байланысты жобаның сметалық құжаттарына түзету енгізу керектігі туралы айтты. Қазіргі уақытта жоба тоқтап қалмауы үшін мердігер жеке қаражаты есебінен жұмыстарын жүргізуде.
Өңір тынысы – өндіріс
Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша жұмыс істеп тұрған және құрылысы жүріп жатқан өндірістік нысандарды аралады.
Саран қаласындағы шетел нарығына жылына 3,5 млн. шина шығаруға мүмкіндік алатын «KamaTyresKZ» зауытының құрылыс барысымен танысты. Жобаның құны 125 млрд. теңгені құрайды. Қазір зауытта 140-қа жуық адам жұмыс істейді. Құрылыс толық аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорын 1116 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп жоспар құрып отыр.
Ә.Қуантыров «QazTehna» автобус және коммерциялық техника шығаратын жаңа зауытқа барды. Былтырғы шілде айынан бастап «QazTehna» 300-ден астам автобус шығарыпты. Кәсіпорынның жалпы жобалық қуаттылығы жылына 1500-дей техника құрап шығарады. Зауыт ішкі нарықты көлікпен қамтамасыз етеді, сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де экспорттайды. Инвестиция көлемі 22,1 млрд. теңгеге тең. Кәсіпорын моноқала тұрғындары үшін 1000 жұмыс орнын қамтамасыз етпек. Қазіргі уақытта зауытта 400 адам еңбек етеді.
Министр «Maker» Қарағанды құю-машина жасау зауытында да болды. Аталған зауыт өз қызметкерлерінің жалақысын биыл 30 пайызға өсіріпті. Мұнда 883 қызметкер жұмыс атқарады. Құны 13,7 млрд. теңге болатын жоба ішкі нарыққа жылына 12 383 тонна өнім шығарып отыр. Былтыр кәсіпорын 12 млн. теңгеден астам сомаға өнім шығарса, биыл 7 айдың ішіндегі өндіріс көлемі 8 млн. теңгені құрап отыр.
Зауытты аралаған меймандар түрлі металл жабдықтары мен қосалқы бөлшектер шығаратын, металл кесетін станогы, дәнекерлеу роботы, дайындау, пресс, газбен кесу және ию арқылы жабдықтарды күрделі жөндеуден өткізетін цехтармен танысты.
Ұлттық экономика министрі барған келесі нысан – «Қолғанат-Қарағанды» тігін фабрикасы. Фабрика 2015 жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Ұжымда 45 маман еңбек етуде. Жартысынан көбі – мүмкіндігі шектеулі адамдар. Цех жылына 30 мың жұмыс киімін және 720 мың респираторды нарыққа шығарады.
Кәсіпкердің де назы бар
Өндірістік, әлеуметтік нысандарды аралап болған соң, министр Қарағанды облысының 20-дан астам кәсіпкерімен келелі кездесу өткізді. Айта кетейік, кездесу «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қарағанды облысының филиалындағы мәжіліс залында ашық форматта өрбіді.
Белсенді талқылау барысында шағын және орта бизнесті дамыту, оның ішінде ШОБ субъектілері, бюджеттік ұйымдар және ірі бизнес үшін электр энергиясына тарифтерді теңестіру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, өндірушілер үшін корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді алып тастау бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі туралы ұсыныс талқыға түсті. Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері көтерген аграрлық салық мәселесі де жиын тақырыбына арқау болды.
Кездесуде министр ШОБ саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Атап айтқанда, министр Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның басты бағыттарына тоқталды.
– Үкімет шағын және орта бизнесті қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, биыл Қарағанды облысының жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруға 12,5 млрд. теңге бөлінді. Биыл 1 тамыздың есебімен жалпы несие сомасы 15,2 млрд. теңгеге 277 жоба субсидияланды, ал берілген кепілдіктер көлемі 3,5 млрд. теңгені құрады, – дейді Ұлттық экономика министрі.
Кездесуді қорытындылаған Әлібек Қуантыров қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, айтылған ұсыныстар мұқият қаралатынын жеткізді.
Министр азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға қатысушылар Қарағанды қаласын газбен жабдықтауды жеделдетуді, сондай-ақ газбен жабдықтау компаниялары үшін техникалық реттеудің үлгілік нысанын жасауды және авариялық қорларды қалыптастыру үшін желілерді компания балансына беруді оңайландыруды сұрады.
«Мәселелер – назарымда болады»
Жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі «Даму» Қоры өңірлік филиалының жұмыс барысымен танысты. Министрге Қарағанды облысындағы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу қорытындылары туралы баяндалды.
«Даму» Қорының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша өңірде 616 млрд. теңгеге 10 мыңнан астам жоба өз қолдауын тапты. Аймақтық қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 21 қарыз алушы көмек алды.
Сондай-ақ, министр Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің жұмысымен танысып, баға саясатына қатысты негізгі бағыттарды талқылады. Министрге тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтеріне тариф белгілеуге байланысты проблемалық мәселелер туралы ақпарат берілді. Департамент басшысы Арман Өтегеновтің айтуынша, мәселелердің басым бөлігі жылу, су және электрмен жабдықтау салаларына қатысты. Мысалы, бүгінгі күні есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау бойынша тұтыну нормаларын бекітуге қатысты нормативтік-құқықтық актіні әзірлеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Аталған мәселелердің барлығын министр жеке бақылауға алатынын алға тартты.
Монополистер қызметінің былтырғы қорытындысы бойынша департамент 630 млн. теңге сомасына өтемдік тарифтерді енгізу жолымен тұтынушылардың құқықтарын қорғады.
Министрдің Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары осы жерден түйінделді. Бүгінгі көтерілген мәселелерді есепке алғанын және назарында болатынын айтты Ә.Қуантыров.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
Суреттерді түсірген А.МАРЧЕНКО.