КӨПТЕН КҮТКЕН БАҒДАРШАМ немесе ел тілеуі ескерілді
Біздің редакция алдына бағдаршамның орнатылғанына аса көп бола қоймады. Нақтысын айтсақ, Ермеков көшесі мен Ержанов көшесінің қиылысы. Білуімше, бұл бағдаршамды, әсіресе редакция қызметкерлері аса көп күтті. Әріптестеріміз жиі дабыл қағыпты газет бетінде.
Әріптестермен өзара әңгіме өрбіткенде, жаңа бағдаршам орнатылған қиылысты нұсқап, «осы жерге шынымен қажет-ақ» деп сан мәрте сөз еткеніміз бар. Ол кезде, бұл жайлы әріптес ағалардың мәселе көтергендерінен бейхабар едім. Кейіннен «газетке жазудай-ақ жаздық» деген соң, мен де үміт үзбегенмін…
Көлікті бертінде тізгіндегендіктен, редакция алдынан сол Ермеков көшесіне бұрылу әжептеуір әбігерге салатын. Әсіресе, кешкі кептелісте. Ермеков көшесі – қозғалысы көп бас көшелердің бірі. Өйткені, теміржол вокзалы мен сапаржайға таяу жол торабы.
…Мұрағатта газет тігіндісін парақтап отырып, әріптес ағам Қуаныш Аманқұлдың «Қала әкімінің назарына!» айдарымен «Кісі өлгенін күтеміз бе?» деп дабыл қаққанын кезіктірдім. Шағын болғанмен, үлкен жүк арқалап тұр. 2016 жылдың 29-шы қыркүйек күнгі санына шыққан мақаланы ойып бергенді жөн көрдік…
Бұл мәселе «Орталықтың» бетінде бұдан кейін де бірнеше рет көтерілген. Не керек, үмітіміз ақталды деп қуанып жатырмыз…
***
Айтпақшы, жақында редакцияға Ләззат Әминқызы есімді оқырманымыз хабарласқан-тын. Алғысын жаудырып. Газеттегі «1001 сауал» айдарына арнайы жолдаған жазбасын жария еткеніміз үшін. Және мәселесінің шешімі табылғаны үшін. Оған біз де қуандық. Тағы да газет тігіндісіне көз жүгірттім. Оқырманымыз «Жаяу жүргіншілер жолын қашан жылжытады?» деп сауал жолдапты. Ондағы мәселе де орынды.
15-ықшамауданындағы «Ақбала» балабақшасының дәл алдындағы жаяу жүргіншілер жолағын, автотұрақтың маңына жылжытуды өтінген. Себебі, бұл маңнан күніне жүздеген оқушы, ата-ана өтеді. Ал, балабақшадағы тұстан бірен-саран ғана жолаушы өтеді екен. Оқырманымыз Октябрь ауданының әкімшілігінен біздің газет арқылы мәселені қолға алуын сұраған. Міне, шамамен 3-4 ай мұғдарында мәселе оң шешімін тапты.
– Бұл өте қуанышты жағдай. Себебі, бұл жол жөнделгелі бері көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Ал, жолақтың жылжытылғаны ол жерден өтетін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл мәселені тұрғындар көптен бері көтеріп келдік. Бірақ, газет бетінде көтеріліп, оң шешім тапқаны үшін «Орталыққа» алғыс білдіреміз, – деп лебізін білдірді оқырман.
P.S: Бұл шешімдер халық қауіпсіздігінің алдын алады. Дегенмен, жолда абай болыңыздар!
Қасымхан ҒАЛЫМ.