АймақОсакаров

Еңбектері еленді

Осакаров ауданы – астықты өңір. Жалпы, агроөнеркәсіп саласы бойынша алдыңғы қатардағы аудан деп айтуға әбден болады. Бұл саланың биылғы жылы өнімі молайып, сала қоры толайым табыстарға толы болды. Осы орайда, маңдай терін шаруашылыққа төгіп жүрген бір топ ауыл шаруашылық қызметкерлеріне Ауыл шаруашылығы министрлігінің медалі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, еңбектері еленді, құрметке бөленді.

Мереке қарсаңындағы марапаттар легіне тоқталсақ. Министрліктің «Еңбек ардагері» медалі Чолокиди Михаилге және Құрмет грамотасы Төлеу Жанзақовқа табысталды. Қарағанды облысы əкімінің Құрмет грамотасын Баян Елшін мен Баян Омарбеков иеленді. Еселі еңбектерімен аудан әл-ауқатының дамуына сүбелі үлес қосып отырған бірнеше шаруа қожалығына облыс басшылығы да аталым бойынша диплом табыстап, құрмет көрсетті. Сонымен, «2020 жылы цифрландыру элементтерін енгізген шаруашылық» аталымы на Александр Солюлев басқарып отырған «Qundyzdy agro» ЖШС, «Үздік астық шаруашылығы» номинациясына Ранерт Виталий ие болды. «Агроөнеркəсіп кешеніне инвестиция тарту бойынша көшбасшы» номинациясы Сергей Бутузовтың «Start-2019» ЖШС-не, «Дəнді-дақылдарды жинау бойынша үздік комбайншы» аталымы «Найдоровское» ЖШС механизаторы Владимир Чауске табысталды.

Жалпы, ауданда 610 ауыл шаруашылық құрылымы бар екен. Астықты алқап болған соң, шаруашылықтың басым үлесі – дәнді-дақылдар. Осы жылғы дәнді-дақылдардың жаздық егістігі – 371,7 мың гектар. Бұл – жоғарғы көрсеткіш. Қажырлы еңбек. Берекелі өнім. Жаз бойы сарп еткен ерен еңбектің жемісі жаман емес. Мәселен, егін жинау науқаны нәтижесінде алқаптан 350,5 мың гектар өнім жиналды. Бұл аз десеңіз, 419,4 мың тонна астық, 348,2 мың тонна бидай, 63,4 мың тонна арпа, 4,4 мың тонна сұлы, 3,4 мың тонна масақ қоспасы терілді. Майлы дақылдардың жалпы түсімі 12,9 мың тоннаны құраса, 8,2 мың тонна картоп, 2,1 мың тонна көкөніс жиналды.

Ауданның суармалы жерлерінің жалпы ауданы – 14 мың гектар. Цифрландыруды енгізу аясында ауданда 456,6 мың гектар егістікті немесе 108,8% цифрлау жүргізіліп, электронды карталар жасалды. Техника сатып алуға 6 миллиард 932 миллион теңге жұмсалыпты. Алдымыздағы жылы техника мен жабдықтар сатып алу, инвестициялық жобаларды іске асыруға 7 миллиард 137,4 миллион теңге қаражат қарастыру жоспарлануда.

– Ауыл шаруашылығы саласы ауданның басты əлеуетінің көрсеткіші саналады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 39 миллиард 491 миллион теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 27 миллиард 685 миллион теңге. Жиналған мол өнім ең алдымен дала еңбеккерлерінің ерен еңбегі. Шаруалар келер жылы да осындай зор табысқа жетуге əзірленуде. Мал шаруашылығының көрсеткіші – 11 миллиард 740 миллион. Алдымызда өнімдердің экспортын ұлғайту мақсаты тұр. Жүктелген міндетті абыроймен атқаратынымызға сенімдімін, – дейді аудандық ауыл шауашылығы бөлімінің басшысы Қабылда Әбілдин.

Ауданның өрісі де малдан кенде емес. Мал басының саны да артты, оның өнімдері де көбейді. 5,9 мың тонна ет, 38,5 мың тонна сүт, 6,7 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара мал 109,9%-ға өсіп отыр. Фермерлер мемлекеттің қолдауын да тиімді кəдеге жаратуда. Жыл басынан бері аудан шаруаларына 680 ірі қара мал сатып алуға 311,8 миллион теңге сомасында 36 несие берілсе, 257 қой малын сатып алуға 12,5 миллион теңге несие берілді.

Сондай-ақ, ауданда ауыл шаруашылық жəрмеңкелері жиі өткізіледі. Жергілікті шаруалардың дайындаған табиғи таза өнімдері, оның ішінде сапасы жоғары ет, сүт, қаймақ, май, құрт сұранысқа ие. Əр жұманы аудан халқы асыға күтіп, таза-табиғи өнімді тұтынады екен. Осының барлығы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еселі еңбегі.

Мереке кезінде қолдау танытып, құрмет көрсеткен облыс басшылығына, аудан әкімшілігіне дән риза. 

Қасымхан ҒАЛЫМ.

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button