Руханият

85 жылдыққа – 85 сурет

Биыл Қарағанды қаласына – 85 жыл. Осыған орай кеншілер шаһарының мерейтойы құрметіне қарағандылық фотосуретшілер «Біз – қарағандылықтармыз» жобасы аясында қала өмірін бейнелейтін 85 сурет қойылған көрме ұсынды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанда алғаш рет Қарағанды өмірінің бір күнін суреттеген фотокөрменің идея авторы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің фотосуретшісі – Болат Аймағамбетов.

  • 5 шілде күні қаладағы фотосуретшілер үйреншікті қала өмірін назарға алдық. Сондай-ақ, қимылқозғалыс аппаратының ақауы бар балалар оқитын мектеп-интернатта болдық. Қарағандының көшелерімен жүріп, саяжайларды араладық. Фотосуретшілер өздеріне ұнаған, көңілге жаққан сәттерін суретке түсірді. Аталмыш шара қарағандылықтар мен қала қонақтарына белгілі бір мезеттерді көрсету мақсатында ұйымдастырылғандықтан, медицина, руханият, спорт саласын қамтитын қоғамдық өмірді бейнелейді. Қарапайым адамдардың күнделікті өмірдегі тыныс-тіршілігін көру қызықты деп ойлаймын, – дейді бастамашы азамат.

Фотокөрмеге сондай-ақ, TEFAE urasiaphoto шығармашылық бірлестігінің танымал суретшісі Юрий Варыгин, National Geagraphiс телеарнасының фототілшісі Дмитрий Ругис, сондай-ақ қарағандылық фототілшілер Руслан Телегин, Виктор Майский, Алиса Войташенко, Тимур және Светлана Кудериновтер қатысты.

  • Көрмеге 26 тақырыпты қамтитын 85 сурет қойылды. Қала тарихында қалатын көрме болады деп ойлаймын. Фотокөрмені Қазақстанның басқа да қалаларында өткізу жоспарда бар, – деді National Geagraphic телеарнасының фотосуретшісі Дмитрий Ругис.

Мұражайда өткен фестивальде қала тұрғындары Қарағандының сәулетті ескерткіштері мен қала пейзаждарын қамтыған жанрлық суреттерді тамашалады. Әсіресе, жастарды шаһарымызға басқаша көзқараспен қарауға шақырып, туған жерді жақсартуға, рухани дүниеге қамқорлықпен қарауға шақырды. «Бұл – «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыру. Күнделікті күйбеңмен біз кейде жанжағымыздағы адамдарды байқамаймыз, таң қаларлық, тамаша орындардың жанынан жүгіріп өтеміз. Бұл суреттер арқылы мен Қарағандыны басқаша көрдім. «Тоқтай тұр мезет, сен, неткен ғажапсың!» деп бекер айтылмаған. Осы көрмені тамашалаған қарағандылықтардың туған қаласына деген сүйіспеншілігі одан сайын артатынына сенімдімін, – деп атап өтті «Біз – қарағандылықтармыз» жобасының жетекшісі Гүлнар Құрбанбаева.

Көрме 12 тамызға дейін жалғасады.

Аяулым СОВЕТ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button