Қарағанды облысының оқушылары екінші тоқсанда қалай оқиды

Коронавирусқа байланысты күрделі жағдай аясында дәстүрлі оқыту форматына рұқсат беру орынды бола ма, жоқ па. Бұл жайлы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Saryarqa телеарнасында тікелей эфирде өткен брифингте мәлім етті.

Екінші тоқсанда Қазақстанда оқушылар саны 300 адамға дейінгі ауылдық және қалалық мектептер дәстүрлі оқыту форматына оралуы тиіс. Енді кезекші топтар 1-5 сыныптар үшін ұйымдастырылады.

Бүгінде Қарағанды облысының кезекші сыныптарында 62 мың бала оқиды. Сонымен қатар, өңірде шағын жинақты мектептер дәстүрлі режимде жұмысын жалғастыруда. Олар негізінен шалғай елді мекендерде орналасқан.

— Оқу процесіне ата-аналардың әртүрлі көзқарастары бар. Біреулер онлайн-сабақтарды жақтайды, көбісі балаларының офлайн оқығанын қалайды, — деді облыс әкімі.

Осы мәселені талқылауға сүйене отырып, Қарағанды облысында 300-ге жуық бала оқитын мектептерді дәстүрлі оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданды. Облыста 290-ға жуық мектеп штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Ата-аналардың өтініші бойынша 1-ден 5-ке дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі. Бірақ бұл ағымдағы эпиджағдайға байланысты болады.

— Ата-аналарды өте мұқият болуға шақырамын! Тек ересектер ғана баласының қалай оқитынын шешеді, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Бұл ретте мектептерде санитарлық-дезинфекциялық режимді, бетперде режимін, арақашықтықты сиретіп отырғызуды және әлеуметтік қашықтықты сақтау міндетті.