Бас тақырыпБасты тақырып

«Бай көріну» иллюзиясы

Қазір қазақ қоғамы үнемді жиі айта бастады. Экономикалық сауаттылық дәрісі жүріп жатыр. Бұдан зейінділері шығар-шықпасы тағы беймәлім. Өйткені, қоғамның өзі елді үнемге шақырады да, үнемсіздіктің үлгісін көрсетеді. Мысалы, бұл күні жаңа баспаналардың құны ақырып тұр. Қарағандының басындағы 2010 жылдан бері тұрғызылған жаңа үш бөлмелі пәтердің ең арзаны – 23 миллион теңге. Аумағы да ат шаптырым. Оны алуға шамасы келетін де, келмейтін де ұмтылады. Сөйтіп, 15-20 жыл несие қамытын киеді. Сонда үнем қайда қалды? Жылуды, жарықты, суды үнемдейтін жұрт ауданы қозы көш пәтер тұрғыза ма? Алла берген жеріміз бар деп, даңғарадай етіп салып, құнын өле-өлгенше өтеуге мәжбүрлікте үнем адасып, жүре ме, қайтеді? Бүгін үй алудағы үнемді сөз қыламыз…

Бір кездері қолымыз жеткен «хрущевкамызды» тәрк етіп, «жұрттан қалмаймын» деген ессіз ой есіртіп, бүгін біразымызға «маза» бермейді. Ұйқыны бұзып, ішкен асты бойға сіңірмеуге жетіп қалды. Елдің көрсеқызарлығы да құрылыс компанияларына көп-көрім пайдалы. Бір ұрпағынан екіншісіне жететін қарызға батырып отыр. Күштеп емес. Менталитеттік ерекшелігіміз – сеп. Той жасасақ, үстімізге жібі түзу жейде алатын тиын-тебен қалдырмаймыз. Жаңа үй аламыз да жалғыз емес, маңайдағының бәрін жанталасып несиеге тығамыз. Оны сықырлатып қымбат, пайдасы шамалы дүние-мүлікке толтырып қойып, арасынан әзер аяқ алып жүреміз. Осыдан соң үнем туралы айтудың өзі – бір түрлі. Мұның төркіні неде? Бәлкім, психологияда.

Бұл – енді басқа тақырыптың өзегі. Бұл күні құрылыс компаниялары агенттерінің қасында сыған әйелдерінің гипнозы адыра қалды. Олай арбап, былай арбап, салынып жатқан, я салынған үйді аузының суы құрып айтқанда, соның қорасына қалай кіріп кеткеніңізді де сезбей қаласыз. Қалта көтерсе, бір сәрі. Құны – қарапайым бұрынғы үйлердің екеуіне жетіп жығылатын қаржы. Алайда, оны ойлауға шама жоқ. Есіл дерт – жаңа үй. Төрт қабырғадан басқа ештеңесі жоқ сол үйлерді алуға асықпыз. Не үшін? Шын мәнінде, елдің сөзі үшін. «Пәленбайдың үйі сондай екен» деген жалғыз ауыз сөз үшін ғұмыр бойы несие арқалауға әзірміз.

Әлбетте, үлкен үйді жылытуға үлкен жылу көзі керек. Ол – қаражат. Жарықтандыруы да басқа шағын үйге қарағанда молырақ. Ол да ақша. Суы да көбірек төгіледі. Бұл да аз тиын-тебен емес. Өйткені, жуынатын бөлмелері қос-қостан. Бұдан үнем жасау мүмкін бе?

Жер шарының үнемшілдері шама-шарқыңыз жететін үйді алыңыз деп кеңес береді. Мәселен, американдық атақты миллиардер Уоррен Баффетт (байлығы – $66,1 миллиардқа пара-пар) әлі күнге 1958 жылғы үйінде тұрып жатқан көрінеді. Оны кезінде $31 500-ге алыпты. Мүмкіндігі бір емес, бірнеше хан сарайын салуға жетеді. Әйткенмен, ол сол үйден 70 жылға жуық қозғалмапты. Ол «ақшам бар» деп зәулім үй салатындай қажеттілік жоқ маған» депті. Бізде, керісінше. Шамамыз жоқ. Бірақ, несие бар. Банк аман болсын.

Тағы бір мысал. Мексиканың бизнесмені Карлос Слим (қазынасы – $78,5 миллиард) қандай қызмет етсеңіз де, ақша үнемдеуді неғұрлым ерте бастасаңыз, соғұрлым болашағыңыз жақсырақ дейді.

Жері алақандай ғана жапондар үйлерін аядай етіп салады екен. Оған қоса, барынша бәрінен үнемдеуге ұмтылатын көрінеді. Әдетте, жапондық пәтерлер өте шағын. Өйткені, жері жоқ. Мұндай тұрғын үйдің «плюсы» – оны жылытуға көп қаражат жұмсалмайтындығы. Үнемшіл жапонның даңғарадай пәтерлерімізді көрсе, жүрегі жарылып кететін шығар. Оған бұл – сұмдық.

Не десек те, дүниенің төрт бұрышы үнемде. Олар баяғыда-ақ ысырап пен ынсапты бәрібір тойдыра алмайтынын ұғынған. Содан үнеммен жауапқа көшкен. Әлемнің әрқайсысы әлі келгенше әр нәрседен үнем қылса керек. Сол арқылы тәуір тірлік кешіп жүр.

Мәселен, несиеге айфон алып, кешке «доширак» жейтіндер туралы клиникалық психолог Дарина Попова «мұның себебі ішкі қанағаттанбау, өзін жақсы жағынан көрсету ниетінен туындауы мүмкін», дейді БАҚ-қа берген сұхбатында. Психолог қазақстандықтарда өзі үшін емес, өзгелер үшін солай көріну қажеттігі басым екендігін айтады. Яғни, бәрі «жұрт солай ойласын» деген түсінік. Бұдан құтылмайынша, қарыздан да арылмайсыз. Ол – анық. Сол себепті үй аларда көрпеге қарай көсілген жөн. Шамаңыз келсе, сарайда тұрыңыз. Бірақ, жетпесе ше? Тыраштану қаншалықты маңызды?

Келешектің бекемдігіне бай «көріну» иллюзиясы емес, үнем қажет.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button