Жағымды жаңалық

Академик есімі берілді

Жаңаарқа жұртшылығы тағы бір қуанышты әрі тарихи сәттің куәсі болып, өзінің біртуар перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, академик Еламан Шаханов­ тың рухымен қауышты. Аудан орталығындағы №132 тірек мектебіне (ресурстық орталық) ғалым есімінің берілуін салтанатты түрде атап өткен жаңаарқалықтар «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтініне» тағы бір көз жеткізіп тарқасты.

Еламан Шаханұлы Шаханов – бұл мектептің 1962 жылғы түлегі. Ол кезде 85 жылдық тарихы бар бірегей білім ордасы Жаңаарқа станциясының №160 орта мектебі болып аталатын. Аталмыш мектепті «Алтын медальмен» бітірген Еламан Шаханұлы сол жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, оны 1967 жылы қызыл дипломмен тәмамдады. Сол сәттен бастап, ғылымның қия жолына қанат қаққан болашақ академик бар ғибратты ғұмырын өсімдіктер селекциясына арнады. Ол – ауыл шаруашылығы дақылдарының 20-ға жуық сортының авторы. Дәнді дақылдар мен жемшөптік өсімдіктердің құнарлы түрлерін шығара отырып, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміздің отандық ғылымға сіңірген орасан еңбегі – барынша биік құрметке лайық. ҚР Үкіметінің «Қарағанды облысындағы бірқатар білім беру ұйымдарына атау беру және атауын өзгерту туралы» 2021 жылғы 15 желтоқсандағы №890 Қаулысына сәйкес ұйымдастырылып отырған бұл шара – сол құрметтің бір парасы ғана. Салтанатты жиынға аудан әкімі Юржан Бекқожин қатысып, аудан тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

– Бүгін баршамыз қойнауы шежіреге толы ауданымызда ұйымдастырылып отырған тәрбиелік, тарихи мәні зор шара барысында бас қосып тұрмыз. Еліне шынайы қызмет еткен тұлғалардың есімі әсте естен шықпайтыны ақиқат. Оған бүгін айтулы білім ордасына көрнекті ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Еламан Шахановтың есімі берілуі дәлел бола алады, – деді аудан басшысы Юржан Асанұлы өзінің құттықтау лебізінде.

Аудан әкімінен кейін сөз алған жерлесіміз, айтыстың ақтаңгері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай мектептің бір озат оқушысына өз атынан академик Шаханов атындағы шәкіртақы тағайындайтынын жеткізді. Ал, шараның құрметті қонағы Мейрамгүл Ерғалиқызы математика пәнінен үздік жетістікке жетіп жүрген тағы бір оқушыны Канада мемлекетіне тегін апаратынын айтты.

Осылайша, дарынды ғалым, академик Еламан Шахановтың ел жүрегіндегі екінші өмірі басталды. Көзкөргендер естелігі қымбат мұндайда. Айтулы тұлғаның әріптестері, замандастары шерткен сыр Еламан Шаханұлын сағынған елдің сағынышын тербетті. Қазақ күресінің қара нары, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы Диқанбай Биткөзов, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ғалиолла Мейірманов, ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор Сардар Әбиев, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, мектеп түлегі Әбілкәкім Ақмағанбетұлы, ғалымның құдасы, осы мектептің түлегі Дәулет Сәрсенбаев, техника ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Сатова тағы басқа да мәртебелі меймандар жеткізген естеліктер ғалымның тұғырлы тұлғасын айшықтай түсті.

Осыдан кейін мектептің жаңа атауы жазылған тақтаның ашылу рәсімі жасалып, қонақтар ішке еніп, білім ордасын аралады. Елі ардақтаған азамат, көрнекті ғалым, парасатты тұлға осылайша араға 60 жыл уақыт салып, өзі білім алған алтын ұясына оралды. 1962 жылы жас түлек болып ұядан ұшқан дарынды ұл 2022 жылы өз ұясына рух болып оралып, жүздеген жас шәкірттің өміріне өнеге болар, ғибратқа бастау болар мәңгілік жолын бастады.

Салтанат БАЙШӨКЕНОВА,

Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталығы) директоры.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button