Ресми

Әйелдің қоғамдағы рөлі айқын

Әйелдің қоғамдағы алар орны қашан да маңызды. Сонау отбасынан басталатын құндылықтан бері қарай жалғасатын мемлекет мүддесінде де орны алабөтен. Біздің ел бұл орайда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Гендерлік саясат аясында қыз-келіншектер қоғамға орасан зор үлес қосуда. Сол арқылы елдің ұйытқысына айналды.

«Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – әйелдерге ұдайы қолдау көрсету, олардың дамуына жан-жақты жағдай жасау. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының мәні ерекше. Бұл маңызды құжат осы бағыттағы жұмысымыз­ға айрықша серпін беріп отыр. Еліміздегі әйелдер қауымы мемлекеттік қолдау шараларын мейлінше ширақ пайдалануда. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен аруларымыз аз емес. Шағын және орта бизнесті меңгерген қыз-келіншектер де көп. Соның айқын көрінісі – қазіргі індеттен кейінгі дағдарысқа қарамастан, елімізде әйелдер қауымының экономикадағы рөлі артуда. Іскер аруларымыздың арқасында 1 миллионнан астам азаматымыз тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. ХХІ ғасырда әйел, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қоғамды қалыптастырудағы әйелдің рөлі анық та айқын. Бұл бағытта заңнамалық негіздер де арнайы қарастырылған. Мәселен, заңнама шығарушы ұйымдарда әйелдердің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл дегеніміз, зор серпін. Оның үстіне гендерлік саясат, әйелдердің қоғамдағы орны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұдайы назарында.

Сондықтан да, жалпы, қоғамдағы әйелдің белсенділігі осы күні аса жоғары деуге әбден негіз бар. Соның жарқын дәлеліндей олар әр салада еңбек етуде. Соның ішінде, кәсіпкерлікте де үлес салмағы басым. Өзіміздің өңірде де кәсіпкерлікті ұршықша иірген қыз-келіншектер жетерлік.

Егер ден қоя қарасақ, әйел адамдар осы күні өздеріне тән ғана бағдарларды меңгерді деуге әсте келмейді. Олар өнеркәсіпте де, құрылыста да, сәулетте де ермен бірдей тер төгіп жүр. Кәсіпкерлікте шағын және орта бизнесте қолтаңбаларын қалдыруда. Атап айтқанда, ойын-сауықтық бұқаралық шараларда, сұлулық индустриясында, қоғамдық тамақтандыру, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында әйел адамдардың бизнесі қанат жайды.

Бұдан бөлек, қоғамдық өмірдегі барлығы дерлік үкіметтік емес ұйымдар осы жолы жіңішке қауымның мұрындық болуымен дүниеге келген ұйымдар екенін атап өткен ләзім. Яғни, қоғамдық институттарды қалыптастыруда әйел затының үлесі айтарлықтай. Тіпті, құқық қорғау, төтенше жағдай қызметінде қыз-келіншектер Отанға қызмет жасауда. Қаншама қоғам қайраткерлері бар.

Еліміздің ертеңіне қатысты тарихи сындарлы сәттерде де олар бұғып қалмағанын көреміз. Атап айтсақ, кейінгі уақытта реформаға ұшырап, халықтың көңілінен шыққан сайлау науқанына әйелдер белсенді қатысуда. Соның нәтижесінде бүгінде олар үміткерлер қатарынан табылып отыр. Осындай мысалдарға қарап-ақ әйелдің қоғамдағы салмағы туралы ой түюге болатындай. Негізі, бүгінде саясатта 30 жастан асқан әйелдердің үлесі де артқан. Мемлекеттік қызметте де олардың қарасы көп. Квазимемлекеттік секторларда да ел экономикасын дамытуда. Бұл – қуанарлық жағдай.

Қазақстандағы отбасы құндылықтарын сақтау және оны өрбітуде әйел адамның орнын ешкім алмастыра алмақ емес. Сол себепті, олардың бала тәрбиесінде, отбасын дамытудағы мәні жөнінде ежіктеп жатудың өзі артық.

Сонау қиын-қыстау жылдарда елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі өлшеусіз екенін барша жұрт мойындайды. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшеленіп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде. Мұның баршасына елдегі реформалар ықпал еткенін атауға тиіспіз.

Айжан ҚИЯСОВА,

Қарағанды қалалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық
саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button