8 жастан 80-ге дейін тың жобада мыңнан астам адам бар
Қарағанды қалалық әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен «Спорт әр аулада» жобасы екі жылдан бері жүзеге асып келеді. Нәтижесінде мыңнан астам қала тұрғыны үйінің қасында спортпен шұғылданады.
«Спорт әр аулада» жобасы негізінде 1 маусымнан бастап, қала аулаларында ересектерге арналған таңертеңгі фитнес жаттығулары, балалар мен жасөспірімдерге арналған Zumba, жалпы физикалық дайындық жаттығулары скандинавиялық серуендеу бойынша сабақтар, кешкі уақытта турнирлер өткізілуде.
– 40 спорттық алаңда әртүрлі жастағы тұрғындар үшін спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінде қарағандылықтардың барлығы бұл туралы біледі. Жас ерекшелігіне, тұрғындардың өздерінің қалауларына қарай, әр түрлі жаттығулар өткізіледі. Бұл жаттығулар 8 жастан бастап, 80 жастағы егде адамдарды қамтиды. Мыңнан астам адам тұрақты түрде қатысып отырады. Жалпы, бұл Қарағанды қаласының әкімдігінің бастамасымен өткізіліп отыр. Өткен жылы да ұйымдастырылған. Былтыр 24 алаң қамтылса, биыл 40 алаң, – дейді Қарағанды қаласының дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі Берік Досымбеков.
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін сабақты өткізу уақыты таңертең жұмысқа дейін және кешке жұмыстан кейінгі уақытқа қойылды. Айта кетейік, барлық сабақтар балалар үшін де, ересектер үшін де тегін.
– 63 жастамын. Жобаға қатысқаныма 2 жыл. Өзіммен бірге күйеуімді де ертіп келемін. Жоба туралы Instagram арқылы білдім. Бұл жоба бізге жинақылық, көтеріңкі көңіл күй және уақытты тиімді өткізіп, жаңа адамдармен танысып, сөйлесуге мүмкіндік береді. Таңертең және кешкісін жаттығамыз. Кешке тіпті, көп адам жиналады. Әсіресе, балалар қатысып, бізбен бірге билеп, жаттығады. Ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз, – дейді қала тұрғыны Вера Ониско.
Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында 10 шілдеден бастап, «Локомотив» спорт кешенінің базасында жазғы спорт лагерінің жұмысы ұйымдастырылған болатын.
Лагерьде 160-тан астам бала бар. Мұнда әлеуметтік осал топтағы балалар мен басқа да санаттағы балаларға бір айға тегін демалуға жолдама берілді. Балалар үшін спорттық және ойын-сауық іс-шараларда танымал спортшылар мен спорт мектептерінің жаттықтырушыларының қатысуымен шеберлік сыныптары өткізіледі. Сондай-ақ, квестпен экскурсиялар ұйымдастырылып, балалар бассейн мен спорт залдарына тегін барады.
− Басты мақсат − балалардың жазғы демалысын көңілді әрі жарқын етіп өткізу. Балалар белсенді. Бәріміз балалардың жұмбақ әлемде, телефонның ішінде өмір сүріп жатқанын білеміз. Соны жоюға тырысамыз. Лагерімізге спорт мамандары келіп, спорттық, шығармашылық, ойындар өткізіп отырады. Сондай-ақ, футболға арналған шеберлік сабақтары бар. Балалар дән риза,− дейді лагерьдің аға жетекшісі Нәзира Өміртай.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің II курс студенті