8. БАЛҚАШ БРЕНДІ: ұлттық рухпен көмкерілген сапа
Балқаштағы құрылыс дүкендерінде тұрған «Qamal» сауда белгісі біздің назарымызды бірден аударды. Әуелі атауы елең еткізді. Құлағымыз шетелшеге үйренген. Ал, мынау – қазақы. «Мүмкін, түрік тауары болар?» деген ой қылаң берді. Шұқшиып, құрғақ қоспаның қапшығына басылуы тиіс төлқұжатты іздедік. Жоқ, жергілікті. Балқашта өндіріледі, қапталады…
Сөйтіп, көрсетілген мекенжай ізімен кәсіпорынға ат басын тіредік… Кейін белгілі болғандай, компанияның құрғақ қоспадан бөлек, тағы бірнеше тауармен аты мәлім екен бұл өңірге…

АТАУЫ – ҚАЗАҚЫ, САПАСЫ – ЕУРОПАЛЫҚ
Қаланың шеткері аймағындағы кәсіпорынды оңай таптық. Биік қоршаудан маңайға тараған гуіл қызған еңбек майданынан хабар береді. Бізді Silk General Group компаниясының директоры Бақыт Тоқмолдин қақпа көзінен күтіп алды.
Цех ішіне ақ шаңнан перде тұтылған. Құрғақ қоспа шығаратын желінің екі басында екі жігіт тұр. Алексей Овчинников желіні іске қосады, Мағжан Жарылғапов бункерден төгілген қоспаны қаптарға құяды. Бұл – Башқұртстаннан жеткізілген машина.
Бақыт Тоқмолдин құрғақ қоспа өндіру идеясы қажеттіліктен туындағанын айтады.
– Балқаш – тоғыз жолдың торабында орналасқанымен, облыс орталығынан да, ірі мегаполистерден де шалғай. Құрылыс жүргізу керек болса, балқаштықтар алыстан материал тасып, әуреге түседі. Көбіне, Алматы жағына ат арытуға мәжбүр. Қияннан келген дүние, әрине, қымбат. Өз қаламызда құрғақ қоспа шығаруды қолға алуда көздегеніміз қолжетімді бағада елге ұсыну болды, – дейді кәсіпкер.
Желі жұмысы – қарапайым. Тек, қоспаларды тиісті мөлшерде қосып отырсаң болғаны. Еуропалық технологияға түзілген.
Алдымен бункерге құм толтырылады. Бункерден шыға әлгі құм кептіріледі. Бұдан әрі химиялық заттар қосылып, араластырылады, тағы бір кептіріледі, салмағы өлшенеді. Ең соңында бункерден дайын құрғақ қоспа қапшықтарға құйылады. 25-30 келіден. Міне, үй қабырғасын ағартасыз ба, еденді тегістейсіз бе, еркіңіз білсін. Өнім – алдыңызда.
Бақыт Тоқмолдин тауар атауын «Qamal» деп бұрынғы серіктесі қойғанын айтады. Яғни, «біздің тауарымыз қамал соғуға жарасын» деген ойдан туған атау. Және барлық өнімдерінің түрлері қазақша аталады. Мәселен, еденді тегістеуге арналған, орысша «наливной полды» «Qamal-eden» дейсіз. Қабырғаны түзеуге арналған қоспа – «Qamal-kerege», тегістейтіні – «Qamal-mare». Керамика мен гранитті жапсыруға арналған желім – «Jartas». Тап осындай қазақы атқа ие тоғыз түрлі өнім бар.
Компания «Qamal» өнімдерін шығаруды 2019 жылдан қолға алды. Бақыт Тоқмолдин бастапқыда ауыр болғанын айтады.
– Тұтынушылар тарапынан шағым жиі түсті. Әйтсе де, біз Алматыдағы серіктесіміздің көмегімен технологиялық процесті сәтімен жолға қойдық. Қазір сұраныс баршылық, – дейді директор.
Былтыр кәсіпорын 274 тонна қоспа шығарды. Әрине, жергілікті болған соң сырттан әкелінетін тауардан арзан. Сондықтан, алдын ала тапсырыс беретіндер қарасы да қалыңдап келеді.
Жобаны жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі көптеп тиді. 17 млн. теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бүгінде несиені толық өтеген компания жүк көлігін сатып алмақ. Тағы да несиеге. Әйтпесе, тұрғындар жеткізіп беруін жиі сұрайды.

«ТАЙМАСҚА» ПАТЕНТ АЛДЫ
Балқаштағы ақпарат құралдары «Таймас» өнімдерін жиі жарнамалайды. Аяқ киімнің сыртынан киіп алсаңыз, жылтыр мұздың үстінде қалы кілемде алшаңдап келе жатқандай сенім беретін резеңке табан. Табанға темір шегелер бекітілген. Міне, осы «Таймасты» да Silk General Group компаниясы өндіреді.
«Таймастың» тұрақты тұтынушысы – «Қазақмыс» корпорациясы. 2011 жылдан бері компания корпорацияның барлық кеніш-шахталары мен зауыт-фабрикаларын қамтып келеді. Жылына 25 мың «Таймасқа» тапсырыс береді. Айтпақшы, «Таймас» деген атауды да Бақыт Тоқмолдин бастаған жігіттер қойған. 2018 жылы авторлық патентін алды.
Ертеректе бөліктерін Қытайдан әкеліп, құрайтын. Резеңкесін бөлек, шегесін бөлек дегендей. Қазір өз шикізатынан жасайды. Үш түрін шығарады.
Күз-қыс кезінде тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Дәріханалардың сауда сөрелерінде тұр. Өзге өңірлерден де хабарласып, жүздеп, мыңдап алдырып жатады. Дегенмен, басты тұтынушы «Қазақмыс» болғандықтан компания бәрінен бұрын корпорацияның тапсырысын орындауға жауапкершілікпен қарайды. Бүгінде Қазақстан бойынша мұзда таймайтын табан өндіретін басқа кәсіпорын жоқ.
ҮШ МЫҢ ҚАҚПАҚ ШЫҒАРУҒА ҚАУҚАРЛЫ
Жоғарыда «тағы бірнеше тауарымен аты мәлім» дедім ғой. Silk General Group компаниясы қақпақтарымен де мақтана алады. Кәдімгі кәріз құдығының қақпақтары. Бұл шаруаны қолға алғалы алты жылдан асыпты.
– 2015 жылы Қытайға бардық. Ойымыз – құдық қақпағын шығару технологиясымен таны су, полимерлі-құмды қақпақтар өндірісін жолға қою еді. Ол жақтағы серіктестеріміз біздің идеямызға күлді. Сөйтсек, полимерлі-құмды қақпақтар өткен ғасырдың сарқыншағы саналады екен Қытайда. Бізге композитті қақпақтар технологиясын ұсынды, – дейді Бақыт Тоқмолдин.
Негізі, полимерлі-құмды қақпақтардың өзіндік құны арзанға түседі. Себебі, пайдаланылатын шикізаттың 70 пайызы – құм, қалғаны – пластик қалдықтары. Көшеден қоқысты жинап әкел де, балқытып, құмға шылай бер. Алайда, бұл қақпақтар ұзаққа шыдамайды. Бір қар ерігеннен кейін жарылып, қаққа бөлініп қалады. Тағы жаңасын салу қажет.
Ал, композитті қақпақтар құрамында бірнеше зат бар. Яғни, полиэфирлі шайыр, шынымата, кальций карбонаты, мәрмәр ұнтағы және тағы бірнеше химиялық элемент қосылады. Ортасына арматура да салынады. Әлгі заттардың барлығын 250-270 градуста әбден ерітіп, арматура салынған қалыпқа құяды. Қалыпта 15-20 тонналық қысыммен 5-7 минутқа дейін ұстап тұрады.
Суыған соң қақпақтардың беріктігі тексеріледі. Техникалық талаптары бойынша шойын қақпақтан бір кем емес. Компания бұл қақпақтарға он жылға дейін кепілдік береді.
Егер, кәсіпорын полимерлі-құмды қақпақтар шығаруға кіріссе, ешкім қой демес еді. Шаш-етектен пайдаға батары анық. Өзгесіне қарағанда арзанға түседі. Арзан дүниемен тендерде де ұту жеңіл. Өйткені, мемлекеттік сатып алу талаптарының бірі – сол.
Полимерлі-құмды қақпақтардың орташа құны – 8 000-10 000 теңге. Шойын қақпақ 25 мың тұрады. Композитті қақпақтар 13 000-17 000 теңгеге бағаланады.
Шойын қақпақтың жауы көп. Металл қабылдау пунктері де бұл қақпақтарды қуана қабылдайды. Ал, композитті қақпақтарға көлденең көк атты қызыға қоймайтыны сөзсіз. Есесіне, шойын сынды бұл да ұзаққа шыдайды. Жылда ауыстырып қажеті жоқ. Коммуналдық мекемелердің қақпақ таңдауда, тендер ойнатуда бағамен қатар сапаға да көңіл бөлгені бюджетке де тиімді болар еді.
Кәсіпорын қазір жылына 250-300 қақпақ шығарып отыр. Тапсырыспен. Дені – жекеменшік кәсіпорындар мен жеке үйлер қожайындары. Өз мүлкі болған соң сапалысын алуға тырысады. Бұл – кәсіпорынның өндірістік қуатының 10 пайызы. Әйтпесе, жылына 3 мың қақпақ шығаруға қауқарлы…

АТ ТӨБЕЛІНДЕЙ АЗДЫҢ БІРІ
Балқаш – мыс зауытымен, туристік тартымымен аты шыққан шаһар. Сексен мыңның үстінде халқы бар. Әйтсе де, өзгеге мақтанып көрсетер кәсіпорны мен шаруашылығы – ат төбеліндей. «Qamal» маркасын өндіруді жолға қойған компания – сол шоғырдағылардың бірі. Өз күшімен өрге тырмысып келеді. Жоспары – ауқымды. Тәуелсіздік жылдарында аяғынан қаз тұрған компания өзгелерге де үлгі болуы тиіс. Биліктің міндеті – «болам деген баланың белін буу».
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.