Жаңалықтар

Самбо саңлақтары топ жарды

Жуырда Ақтөбе қаласында ҚР Ұлттық ұлан спортшылары арасында жауынгерлік самбо күресі бойынша чемпионат өтті. Айтулы додаға «Орталық», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары, 5573 әскери бөлімі мен Ұлттық ұлан Академиясының құрама командалары қатысып, бақ сынасты.

Өте тартысты өткен спорт сайысында Арқаның арда азаматтары мықтылығын танытып, елдің ықыласына бөленген. Жалпы белдесуде «Орталық» өңірінің қолбасшылығының спортшылары ептілігі мен шымырлығын танытып, жүлделі ІІІ орынға ие болды.

Үш күн бойы беріспей белдесу оңайға түспеді. Әр аймақтан келген барлық салмақтағы спортшылардың мығым дайындалғаны байқалып тұрды. Қарағандылық жауынгерлер осалдық танытпай, жеке белдесуде де, ұжымдық есепте де жақсы нәтиже көрсете білді,дейді «Орталық» құрама командасының бас бапкері подполковник Роман Гришманов.

Ақтөбе қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде өткен жүлдегерлер мен жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімінде саңлақ сайыскерлерді «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев құттықтап, алдағы додаларға сәттілік тіледі.

«Орталық» өңірлік қолбасшылықтың жаужүрек сарбаздары осылайша Арқаға абыроймен оралды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button