Жаңалықтар

Жарыс жолында – әулеттер

Қарқаралы ауданындағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен отбасылық сайыс өтті. Отбасылық құндылықтарды дамыту, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен «Әкем, анам және мен – спортшымыз әулетпен» атты жарыс көрермендер көңілінен шықты.

Тәлімді шара аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлының құттықтау сөзімен ашылды. Ел ертеңі – өскелең ұрпақтың кемел келешегі үшін атқарылып жатқан кез келген шараның балалар үшін маңызды екенін айтты ол. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, отбасы ынтымағын, салауатты өмірге ден қоюын насихаттайтын осындай акциялардың өткізілуі балалардың ой-өрісінің дамуына оң ықпалын тигізетінін тілге тиек етті.

Сайысты жаттықтырушы Николай Смолин тартымды етіп өткізді Алты кезеңнен тұрған тартысқа «Әмір», «Радуга», «Бірлік», «Қыран», «Барыс» атты бес команда қатысты.

Спортқа бейімі бар отбасылар өздерінің қарым-қабілеттерін барынша танытты. Намыспен маңдай тер қатар жүрген жерде жеңіс те болатыны сөзсіз. Тартысты өткен сайыста І орынды – Әбдірайымовтар, ІІ орынды – Оңғарбаевтар, ІІІ орынды – Омарбековтер иеленсе, Мейрамбаевтар және Бажановтар отбасы арнайы марапатқа ие болды.

Сайысқа қатысқан барлық командалар Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button