Киіктің киесі, жердің иесі бар

Ақбөкендерді атуға рұқсат ету туралы заң жобасы ашық талқылауға ұсынылған еді. Бірақ, ведомство заң жобасын кері қайтарып алды. Бұл туралы өздерінің «Телеграмм» каналында хабарлады. Шаруалардың айтуынша, көбейген киік егістіктерге, жайылымдарға зиян тигізуде. Мәселен, Нұра ауданындағы бірнеше ауылдың жайылымы мен егіс алқабына жайылған.

«2017 жылғы есеп бойынша киік басы 152 мың болса, биыл олардың саны 1,3 миллионға жетті. Дегенмен, бұл жануарлардың республика бойынша оңтайлы саны 560-770 мың болуы керек екен. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысына ерекше назар аудару қажет – онда киіктердің саны 801 мың басты құрайды. Бұл өңірде жайылымдар мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарлары мен киіктердің бәсекелестігі арта түскен. Сонымен қатар, киіктер Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында егістіктерге де зиян келтіруде», делінген орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің хабарламасында.

Бүгінде 2015 жылғы пастереллёз індетінің қайталану қаупі бар. Сол жылы 150 мың киік (бүкіл популяцияның 80%) қырылып қалған болатын.

«Қазіргі уақытта киіктердің санын басқару мақсатында, ғылыми биологиялық негіздеме әзірленуде. Оның қорытындысы бойынша киіктердің санын реттеу мәселесі бойынша шешім қабылданады», делінген хабарламада.

Дала сәнінің саны артқанын қатты күтіп едік. Енді, сыйғыза алмай жатырмыз. Былайша айтқанда, атайын десе, киіктің киесі, атпайын десе, жердің иесі бар…

Қасымхан ҒАЛЫМ.