Бас тақырып

Ер шахтердің еңбегі еленген жыл

Ұлы Отан соғысы жылдары басқа да тыл еңбеккерлерімен қатар жеті қат жер астынан кен қопарған кеншілер Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе қараңғы түнекке сүңгіп, қайла мен сүйменді серік еткен шахтерлердің еңбегі ерен. Өйткені олар өндіретін тас көмір тек қана жылу мен жарық беріп қана қоймай, ертең жауға қарсы атылатын оқ-дәрі, снаряд пен бомба, құрыштан құйылатын зеңбірек пен танкі де еді. Майданға аттанған ерлердің орнын шахта забойында әйелдер мен қарттар басты. Соғыстың бастапқы кезеңінде Донбасс жау қолында қалып қойғанда Одақтың үшінші көмір ошағы ретінде іргесі қаланған Қарағанды тас көмір бассейні үмітті ақтады. Сол қасіретті жылдары тарихшылардың есебі бойынша Қарағандының өр тұлғалы шахтерлері қырға 45 миллион тонна отын шығарып, көмірден тау тұрғызған екен.

Соғыс тарихи жеңіспен аяқталды. Бірақ ол оңайшылықпен келмеді. Ортақ Отанымыз жиырма миллион адамынан айрылды. Батыста қалалар мен селолар қирап, қансырап жатты. Жетімдер мен жесірлер, мүгедектер мен мүсәпір жандар қаптады. Осындай қиын-қыстау кезеңде билеуші партия мен кеңес үкіметі халықтың еңсесін көтеру үшін бірталай амалдар жасады: азық-түлікті шектеп беретін карточка жүйесін алып тастады, халықтың еңбекке ынтасын арттыру үшін социалистік жарыс дегенді ұйымдастырып, Сталиндік сыйлық тағайындап, Социалистік Еңбек ері атағын беру, орден- медальдармен марапаттаудан аянбады. Осы шаралардың қатарында кәсіби мерекелер де тағайындалды. Бұдан тура 75 жыл бұрын, яғни 1947 жылғы 10 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен жыл сайын аталып өтетін Шахтер күні мерекесі белгіленді.

Шахтер күні кәсіби мерекесі тұңғыш рет 1948 жылы тамыз айының соңында тойланды. Қарағандылықтар жаңа мерекеге жыл бойы дайындалды деуге болады. Тарту-таралғы әзірлей бастады. Ұлы дүбірден облыстық «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан» газеті де қалыс қалмады. Газет Қарағандының Киров атындағы шахта клубында қалалық партия комитетімен бірлесе қарт шахтерлердің Шахтер күні алдындағы мәслихатын ұйымдастырып, одан есепті 1948 жылдың 30 мамырында жариялап, жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Мәслихатты суырып салма ақын Қайып Айнабеков ашып, өзгелерге сөзді өлеңмен беріп отырады. Белгілі ақын, шахтер мамандығын меңгерген Ғабдиман Игенсартов пен жас қыран Мақсұт Байсейітов екі көмір тресі атынан айтысқа түседі. Мұнан кейін бірінен соң бірі №18 бис шахтасының атақты бригадирі Сәкен Шоманов бастап, әр шахтадан озат кеншілер, кен шеберлері сөз сөйлеп, отырысты облатком төрағасы Б.Серікбаев қортындылайды (бұл оқиғаны осы жолдар авторы «Ақ қайладан «Айкхоффқа» дейін» деген мақаласында ел жадында бір жаңғыртқан еді –О.Қ. 16 тамыз 2007 ж.).

Осы екі арада газеттің 9 шілде күнгі санында қарағандылық өнертапқыш Семен Макаров бастаған конструкторлар көмірді әрі шауып, ірі тиейтін жоғары өнімді кен комбайнын жасап, өндіріске енгізгені үшін, сондай-ақ Қарағанды көмір бассейнінде кокстелетін көмірдің жаңа телімдерін ұлғайтқан А.Гапеев сынды ірі ғалым-геолог бастаған кен барлаушылар тобы Сталиндік сыйлыққа (кейін Мемлекеттік сыйлық) ие болғандығы қуанышпен хабарланыпты.

 

Ал торқалы той белгіленген күн – 29 тамызға облыстық газет үлкен форматпен 6 беттік мерекелік нөмір арнаған екен. Онда газет тарланы Қали Садықов шахтерлердің көш басшысы С.Шоманов туралы газеттің тұтас бір бетін алып жатқан очеркін жариялайды. Тегін мақтамаған екен, журналистік түйсік деген осы болса керек: сол күні қарағандылық он үздік кеншінің қатарында №18 бис шахтасының навалоотбойшылар бригадирі Шоманов та мәртебелі награда – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болады. Сөйтіп жерлестеріміз арасынан атақты шахтерлер Түсіп Күзембаев, Бәшір Нұрмағамбетов, Мұстафа Айтқұлов, Ғалиолла Хайруллин, Жансейіт Әбдірахманов, Петр Акулов т.б. алғаш рет әріптестері арасынан оза шауып, осындай сый-құрметке кенелді (Жарлық газеттің келесі санына жарияланыпты). Газеттің мерекелік санында сондай-ақ обком хатшысы Т.Абабков, Киров аупарткомының хатшысы Ж.Дәрібеков, озат шахтерлер сөз сөйлеп, әр сала өкілдері көміршілерді шын жүректен құттықтаған екен. Көңіл аударарлық бір мақала – жазушы Жұмағали Сәрсековтың «Шахтер қыз» деген шағын суреттемесі. Онда №31 шахтаның жер асты электровоз машинисі Бикен Қадышеваның еңбектегі қадамы баяндалады.

(Редакциядан: Шіркін, қыз балаға тән емес сирек мамандық игерген қазақтың осы қайсар қызының бұдан кейінгі тағдыры не болды екен, білетін азаматтардан, газет оқырмандарынан хабарласуын өтінеміз).

Жылдар жылжып, «Қарағандыкөмір» комбинатының, кейін өндірістік бірлестігінің даңқы төрткіл дүниеге танымал болды. Бассейн шахтерлері мен шахта құрылысшылары арасынан 40 адам Еңбек Ері атаныпты. Араларында қатардағы кеншілермен қатар комбинат басшысы В. Шибаев, шахта директоры Д. Обухов, алғашқы қазақ инженерінің бірі, кейін ірі ғалым Ә.Сағынов, учаске бастықтары Қ.Көрпебаев, В.Тонкошкур т.б. бар. Қаншама адам КСРО-ның, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарын алып, орден-медальдар тақты десеңізші! Еліміз егемендік алған тұста осы игі дәстүр сақталып, Президент жарлығымен кәсіптік мерекелер қатарынан Шахтер күні де берік орын алды.

Шахтер күні мерекесі белгіленуінің 75 жылдығы атаусыз қалған жоқ. Соның бірі осынау оқиға құрметіне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті ардагерлер ұйымының төрағасы Н.Байызбаевтың ұйымдастыруымен өткізілген компанияның екі негізгі құрамдасы – Көмір және Болат департаменттері шахматшыларының жолдастық кездесулері дер едік. Алғашқысында қарағандылықтар металлург әріптестерін Кеншілердің мәдениет сарайында құшақ жая қарсы алса, қарымта ойында металлургтер қарсыластарын Теміртаудың төріне шақырды. Тартысты өткен шахмат сайыстары жергілікті баспасөз бетінде жан-жақты талданды.

Шахтер күні – қарағандылықтардың төл мерекесі. Бұл күні өр тұлғалы кеншілердің ерен еңбегі еленіп, сый-құрметке бөленеді, ұрпақтары мен ізбасарлары тылдағы және бейбіт күндегі ерліктеріне бас иеді.

Мерекеңмен, Ер Шахтер!

Аман ЖАНҒОЖИН,

ардагер журналист.

Басқа материалдар

Back to top button