Ресми

79 жолаушы құтқарылды

25-ақпан күнгі Арқаның ақтүтек бораны елді алаңдатты. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ауа райының қолайсыздығына байланысты мемлекеттік органдарға, білім беру мекемелеріне, кәсіпкерлік обьектілеріне жұмыс күнін қысқартуды ұсынды. Қарағандыдағы барлық жолбекеттері жабылып, төтенше жағдайдың орын алмауын қадағалады. Алайда, жолға шығып кет­кендер де болды. ТЖ қызметкерлерінің көмегімен барлығы 79 жо­лаушы құтқарылды.

Мәселен, Шет ауданында жедел жәрдем көлігі қар құрсауында қалып қойыпты. Хабар келісімен құтқарушылар Қызылқой ауылының маңындағы тас­ жолда қалған көліктерден 9 адамды құтқарды. Оның ішінде, жүрек талмасы бар ер адам мен жүкті әйел қалаға жол талғамайтын көлікпен жеткізілді.

Ұлытау ауданында да әкесі мен баласын іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Жангелді ауылындағы қыстақтан ұлы екеуі трактормен шығып, қайтып оралмаған. Іздестіруге 24 адам мен 8 техника тартыл­ды. Жоғалғандарды 18 шақырым жердегі көрші қыстақтан тауыпты. Олар боранның басылғанын күтпек болған.

Әлеуметтік желіде де түрлі бейнежазбалар та­ралды. Әсіресе, Ақсу-Аюлы кентінде жолда қалған ананың алғысы.

– Құтқарушылар Ақсу-Аюлы кентінің мешіті­не жеткізді. Өте қатты ырзамыз. Әкім мен имам, құтқарушылар бәрі жағдайымызды жасап жатыр. Халқы өте қарапайым екен. Шай, ыстық нан әкеліп, дәм беріп жатыр. Бүгін осы мешітте қонамыз. Мен өзім 2-3 рет жолда қалдым. Мұндай көмекті бірін­ші рет көруім. Халқы өте ұйымшыл екен. Тіпті, жүк көліктеріндегі азаматтарға тамақ апарып беріп жа­тыр. Ырзамыз, – деп алғысын жаудырыпты.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button