Жаңалықтар

Нұрмақов өмірі – мәңгі өнеге

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды публицист, қазақ өнері мен мәдениетінің қамқоршысы Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ 125 жылдығына орай, өнегелі өмірі мен ғибратты қызметін насихаттау мақсатында «Нығмет Нұрмақов өмірі – өшпес мұра» атты онлайн-кездесу кітапхананың Instagram парақшасында өтті.

Іс-шараға Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, мұражай меңгерушісі Райка Секербекова және осы мектептің кітапхана меңгерушісі Ләйлім Тоғанбекова қатысты.

Кездесу барысында мектептегі Елжас Тайлақов атындағы мұражайдың құрылуы хақында толық мәлімет берілді. Оның бір бұрышы Н.Нұрмақовқа арналған. Нығметтің өнегелі өмірі мен ерлікке толы қызмет жолы хақында тағылымды әңгіме өрбітті.

Нығмет Нұрмақовтың туған жиені, еңбек ардагері Тамара Смағұлованың «Тәуелсіздік тұғырын қалап кеткен Алаш қыраны» атты жинағы мен ұлт перзентінің өмірі һәм қызметіне арналған биылғы 125 жылдық мерейтойы аясындағы өткізілген және алдағы жоспарланған танымдық іс-шаралар таныстырылды.

Оқырмандар тікелей эфирде өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Онлайн кездесуге қатысқан Н.Нұрмақов мектеп-интернатының оқушылары жылы ұясы мектебін, аяулы ұстаздарын, құрбы-құрдастарын сағынғанын жазып, осы қызықты кездесудің мектеп қабырғасында жүзбе-жүз өткен кездерін қызыға еске алысты.

Ал, Ұстаздар күні кеше ортамызда жүріп, қоғам қайраткері Н.Нұрмақов жайлы естеліктер жинап, оқу құралын жазып қалдырған әріптестеріміз Е.Тайлақұлы, Р.Қаппасқызы сынды аяулы жандардың еңбегін жылы лебізбен сағына еске алды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button