Ресми

Мәдениетке қамқорлық қажет

Карантин кезінде облыста тоқсаннан астам мәдениет нысаны жөнделді. Кітапханалар, мұражайлар және басқа да мекемелер тұрғындар үшін жабылғанда ғимараттары ретке келтірілді. Алайда, бұл салада әлі де проблема жеткілікті. Кадр тапшылығы, ауылдық мәдени ұйымдардың жай-күйі, жабдықтардың ескіруі алаңдатып тұр. Бұл мәселелер алдағы уақытта шешілуі тиіс. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК жақын арада мәдениетті дамытудың жол картасын бекітуді тапсырды.

Аймақ басшысы мәдениет қызметкерлерімен онлайн желіде кездесті. Кеңейтілген кеңеске театрлар, музыкалық ұжымдар, мұражайлар мен кітапханалардың басшылары, мәдениет қайраткерлері, қалалар мен аудан әкімдері қатысты.

Жеңіс Қасымбек мәдениет қызметкерлеріне еңбекке деген ынта-жігері үшін алғыс айтты. Карантинге қарамастан елге қолдау көрсетуге тырысты. Онлайн концерттер мен қойылымдар, виртуалды экскурсиялар өткізді, жаңа формаларды ойлап тапты.

Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов барлық жұмыс орындары сақталғанын хабарлады. 666 мәдениет және мұрағат ұйымының бірде-бірі жұмысын тоқтатқан жоқ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 96 нысан жөнделді.

Кеңеске қатысушылар өзекті мәселелерді ортаға салды. Олардың ішіндегі ең бастысы – кадр жетіспеушілігі. Барлық шығармашылық ұжымдарда жас мамандар тапшы. Ауыл мәдениетінің артта қалуы туралы да айтылды.

– Сіздер көтеріп отырған барлық сұрақтар өте маңызды. Соңғы үш жылдағы талдау ауылдағы мәдениеттің жағдайы нашар екенін көрсетті. Қалаларда да балаларға, жастарға және ересектерге арналған мәдени, ойын-сауық және демалыс орындары аз. Мұның бәрі дисфункционалды дүбәра ортаны дамыту үшін алғышарттар жасайды. Бұл саланың дамуы ұлт болашағы үшін өте маңызды екеніне сенімдімін. Сондықтан, мәселені жүйелі түрде шешу қажет. Жақын арада 2021-2023 жылдарға арналған мәдениетті дамытудың жол картасы қабылданады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Жас мамандарды тарту үшін мәдениет және мұрағаттар ұйымдарының негізгі қызметкерлерінің жалақысын 30%-ға арттыру туралы шешім қабылданды. Тұрғын үй бағдарламасы облыста дәрігерлер үшін қолданылып жүрген кесте бойынша әзірленеді. Облыстық театрларды жаңа автобустармен қамтамасыз ету, мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту жоспарда бар.

Облыс әкімі Қарағандыда бейнелеу мұражайы мен заманауи интерактивті кітапхананың құрылысына арналған учаскелерді анықтауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button