ЖаңалықтарРесми

Кәсіп ашатын жастарға – кең тыныс

Қарағанды облысында жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамытуға арналған аймақ басшысының гранттары биыл бұрынғыдан көп көлемде беріледі. Өз кәсібін ашуға ықыласты жастарды қолдауға бағытталған гранттың жалпы сомасы 10 млн. теңгеден 100 млн. теңгеге дейін өскен. Әр жобаға 1 млн. теңгеден қарастырылса, барлығы 100 грант бөлінеді екен. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТІҢ төрағалығымен облыстық саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өткізген онлайн оқыту семинарында мәлімделді.

Басты өзгешеліктің бірі – бұдан былай облыс әкімінің грантына аудан жастарымен қатар, қалалық жас азаматтар да үміткер бола алады.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов өз сөзінде «Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатындағы инновациялық және әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі мол десек, қателеспейміз. Еңбек өнімділігін арттыруда жастар кәсіпкерлігін, оның ішінде инновациялық бағыттарды дамыту айрықша мәнге ие. «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы дамудың маңызды ерекшеліктерінің бірі – шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу. Қазақстан әлемдік өркениет көшінен өз орнын алу үшін отандық өнімдеріміз барлық жағынан талапқа сай болуы тиіс. Ол үшін отандық кәсіпкерлікті, оның ішінде жас кәсіпкерлерді кешенді қолдау керек. Жас кәсіпкерлер ертең аяғына нық тұратын, әлеуеті күшті, халықаралық деңгейде жұмыс істеуге машықтанған кәсіпкерлікті қалыптастырушы орта деп білеміз.

2005 жылдан бастап облыс әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдау гранты беріле бастады. Осы уақыт аралығында аймақтағы 188 жас азамат жалпы сомасы 53,5 млн. теңгені құрайтын гранттарға ие болды. Олар қазіргі уақытта бизнестерін кеңейтіп, «Даму», «Қазагрофинанс» секілді қаржы құралдарын табысты пайдалана бастады. Сондықтан, өз кәсібін ашам деген жастарға қашанда жол ашық. Өткен жылға қарағанда облыс әкімі гранты екі есеге өсті. Бұрын 500 мың теңгеден беріліп келсе, биыл әкім грантын жеңіп алған әр жеңімпаз 1 млн. теңгені иеленеді. Бұрын 10 грант бөлініп келсе, биыл 100 грантқа 100 млн. теңге бөлінді» – деді.

Семинарда облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас кәсіпкерлердің ісін дамытуға басымдық беріп отырғанын ерекше атап өтті.

Бұдан кейін кәсіпкерлікті қолдау және дамыту корпаративтік қорының төрағасы Сайран Сыздықова мен интеллектуалдық даму орталықтары желісінің негізін қалаушы Әсел Атабаева бизнес жобалар мен құжаттарды рәсімдеу, тіркеу жөнінде және бизнестегі басқа да мәселелер төңірегінде тәжірибелерімен бөлісті.

Басқа материалдар

Back to top button