Ресми

Жеңіс Қасымбек Қарағандыда автобус паркі қалай жаңартылатынын айтты

Қарағандыда жақын арада жолаушылар тек жаңа көлікпен жүретін болады. Ескі автобустар мен микроавтобустар қалалық бағыттардан алып тасталады. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Saryarqa арнасының тікелей эфирінде телекөрермендердің сұрақтарына жауап бере отырып мәлімдеді.

Облыс әкімі Yutong маркалы автобустар шығара бастаған QazTehna зауытының жұмысы туралы айтты.

– Бір апта бұрын Саран қаласындағы бұрынғы РТБ зауыты аумағында өндіріс іске қосылды. Бір кездері бұл 15 мыңға жуық адам жұмыс істейтін үлкен зауыт болған. Содан кейін ол тоқтап қалды. Бүгін біз осы алыптың алаңдарында жаңа өндірісті ашуға тырысудамыз. Олардың біріншісі – автобус зауыты. Бұл QazTehna компаниясының бірлескен өндірісі, оған біздің өнеркәсіптің көшбасшысы «Сарыарқа Автопром» және ірі өндірушілердің бірі – Yutong компаниясы қатысады. «Сарыарқа» ӘКК үлесі де бар», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Ол кәсіпорынның 450 автобусқа, оның ішінде Қарағандыға да тапсырыстары бар екенін хабарлады.

Зауыттың қуаттылығы – жылына 1 200 автобусты құрайды. Бірінші кезеңде ірі торапты құрастыру орындалады. Кейіннен ұсақ торапты құрастыруға көшу жоспарлануда.

– Қарағандыда тәулігіне 400-ден астам автобус маршрутқа шығады. Олардың көпшілігі 10-15 жыл бұрын шығарылған қоғамдық көліктер. Жолаушылар тарапынан сервис сапасына қатысты түсіп жатқан шағымдар өте дұрыс. Біз өзімізге облыс орталығындағы барлық жолаушы тасымалдау көліктері паркін толық жаңарту міндетін қойып отырмыз. Процесс өткен жылы басталды. Yutong маркалы 90-ға жуық жаңа автобус қала маршруттарына шықты. Қазір QazTehna зауытымен келісімшарттар жасалды. Наурыз айында 60 жаңа автобус келеді. Жалпы, бір жарым-екі жыл ішінде автобус паркі толықтай жаңартылуы тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, жаңарту бағдарламасы Теміртауда да басталған.

Сондай-ақ, облыс әкімі мектеп автобустарын сатып алу жоспарлары туралы хабарлады.

Осы аптада Саран қаласындағы зауытта шығарылған алғашқы мектеп автобусы Ел Президентінің атынан Қарағанды қаласының №104 мектеп-гимназиясына сыйға тартылды.

– Бір жыл ішінде біз облыстың барлық 504 мектебін қамтамасыз ете алмаймыз, мұндай міндет тұрған жоқ. Жүз пайыз барлық мектептер автобустарға мұқтаж емес. Балаларды тасымалдау талап етілетін балалар үйлері, шалғайдағы шағын жинақты аудандық мектептер жаңа автобустармен қамтамасыз етілетін болады. Қалада қосымша көлік қажет болатын бірқатар мектептер бар. Олардың барлығын біздің Саран зауытынан шыққан көліктермен қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Заманауи жақсы автобустар болады, – деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Басқа материалдар

Back to top button