БаспасөзРуханият

«Қазмедиадағы Қарағандылықтар»

Көптеген әріптестеріміз Елордада қызмет атқарып жүр. ТМД-дағы жоғары технологиялы телеорталықтардың бірі – Қазмедиа. Теңдесі жоқ телеорталықтан еліміздің әр өңіріне 24 сағат хабар таратады. Мереке қарсаңында Қазмедиа қанаттандырған қарағандылықтар өздерінің ойларымен бөліспекші.

Өнер адамдары мен қоғам қайраткерлерін қатар көруге мүмкіндік беретін медиаорталықта жұмыс істеуді жоспарламаған журналист жоқ шығар. Есілдің сол жағалауындағы «Қазмедиа» – көптеген жастың арманына қанат бітіріп, өміріне демеу берген ғимарат.

Биіктігі 22 қабаттан тұратын ғимаратта бос орын жоқ. Әлі де жеке продакшнстудиялардың Қазмедиаға кіргісі келеді, өйткені, ғимарат барлық телеарналармен тікелей байланыс жасауға тиімді.

Елорда деп арман қуған жастар «Қазмедианы» жақсы біледі. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика кафедрасынан қанаттанған қарағандылық жігіттер мен қыздардың басым көпшлігі 3000 адам еңбек ететін сол медиаорталықта жүр. Әрине, олардың көпшілігінің қызметі кадр сыртында қалғанымен, жұмыс нәтижелерін көрермендер күн сайын теледидардан тамашалайды. Әуезді үндерін радиодан естіп жүр.

Бүгінгі таңда Қазмедиада «Хабар», «Хабар24», Kazakh TV, «Қазақстан», «Балапан», «Мир», «Первый канал Евразия», сондай-ақ, «Қазақ радиосы», «Шалқар» мен «Астана» радиолары секілді БАҚ-тың бас кеңселері орналасқан.

Телевизия саласында қызмет атқаратын әріптестеріміздің ақпараттың эфирге уақытылы және үздіксіз шығуы мойындарында болған соң, бұл күндері телеарналардың ақпараттық бөлімшелерінің қызметкерлері тынымсыз жұмыс істеуде. Оның ішінде режиссерлер мен продюсерлер, тілшілер мен жетекші, журналистер, редакторлар бар. Көбісі «Журналистикада жүрекпен жазу керек» дейді. Мереке қарсаңында Елордадағы әріптестерімізден «Қазмедиадағы» өмірі жайлы айтып беруін сұраған едік.

Айдын ЕГІЗОВА, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Интернет редакциясының жетекшісі – Баспасөз хатшысы:

– «Қазмедиа орталығында» әріптестеріміз ресми және шынайы ақпаратты жедел беру үшін 24/7 режимінде жұмыс істейді. «Қазмедиа орталығында» күнделікті, тіпті, сәт сайынғы ел өміріндегі маңызды жаңалықтар әзірленіп, ақпарат айдынына жол тартады. Телеорталық шығармашылық үшін әрдайым ашық және ыңғайлы. Отандық медиаконтенттің сапалы өндірісі үшін техникалық жабдықталуы да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұқаралық ақпарат құралдарының дәл осылай бір ортаға тоғысып, бір ортадан таралуы шығармашылықтың дамуы мен бәсекелестік үшін тиімді деп айтар едім.

Қайрат АЙДАШ, «KazNews» жаңалықтарының жүргізушісі:

–Ұлттық арнада жастардың қатары көп. Көбісін «Қазмедиа» біріктірді деп айта аламын. Жалпы, мамандықты жақсы көрсең, барлық мақсатың орындалады. Журналистика басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айырмашылығы көп мамандық. Осы салада дамуыма Елордаға келуімнен бастап, медиаорталықта жұмыс атқаруым үлкен септігін тигізді. Мен үшін журналистика әрі кәсіп, әрі міндет. Сондай-ақ, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінуді міндеттейді.

 

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА, «Хабар24» арнасының эфир редакторы:

– Қарағандыдағы қара шаңырақ ҚарМУ-дың магистратурасын тәмамдаған соң, елорданы бетке алдық. Бағыт – қайнаған қара қазан – Қазмедиа. Бағыма орай, еліміздегі ірі арналардың біріне жұмысқа орналастым. Қызметті анонс бөлімінің редакторы болып бастадым. Ұжым да, ұстаздарым да ғажап жандар, мүлдем тәжірибесіз келген мені журналистиканың қыр-сырына үйретті. Алған білімімізді шыңдап, еңбекке баулыды. Бұл жерде атмосфера да бөлек. Журналистиканың сан қырымен танысып, өз саласының мамандарынан тәжірибе жинап жатырмын. Қарағандыдағы ардақты ұстаздарымыздың атына кір келтірмей, жемісті еңбек ете береміз деп сенемін.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button