Ресми

Биік тауда – батыр есімі

Жексенбі таңы. Ұядан күн көтерілген шақта әскери патриоттық шерумен Құрма ауылын бетке алдық. Биыл Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, жазушы Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ туғанына – 110 жыл. Бар ойымыз – батыр есімі жазылған ескерткіш тақтаның ашылуына қатысып, рухына тәу ету. Құрмадағы Сораң тауының бес шоқысының биігіне батыр есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылыпты. Бастаманы белсенді қолдағандардың қатарында Nur Otan партиясынан қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Төлеген ӘШІМОВ те бар.

Бұл күн тарихи сәттердің қатарында. Ат шаптырып, жалғанға жар салған қазақтың «сұңқарым» деп Арқа елінен сүйінші сұраған сәт. Батырдың құрметіне Сораң тауының теңіз деңгейінен 727 метр биіктігіне ескерткіш тақта қойылды деп қуанышын жасыра алмады жиылған жұрт. Міне, туған елін, жерін жаудан қорғаған батырға осындай құрмет көрсетті Арқа елі. Ұлы дала қыранының есімі көкпен таласып, күнге шағылысып тұр!

– Біз, ел үшін жан алып, жан берген батырларды ұмытпауымыз керек. Сол үшін жастар өткен тарихты білуі қажет. Олардың естеліктерін құрметтеп, өсиетін болашақ ұрпаққа жеткізу – парыз. Қан майданда жаумен айқасып, туған елі, жері үшін кеудесін оққа да тосты. Қазақ батырларының ерлігі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады, – деп сөз бастады Төлеген Әшімов.

Бұл идеяның авторы – СКИФQaragandy алпинистік клубы. Альпинистер әр жексенбі сайын тауда жаттығу жұмыстарын жасайтын көрінеді. Оны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдап, игі бастаманы іске асыруға мұрындық болған.

– Бауыржан батыр жастарды спортқа баулуға шақырды. Спортты былай қоя тұралық, кейінгі буын әскерге барғысы келмейді. Әскерге бармаған адам Отанын қалайша қорғамақ? Ел жастарына әскери тәрбие жүргізілуі керек, – дейді ол.

«Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайтпас қайсарлықтан шығады» дейді батыр Бауыржан. Осы бір қайсар да қайтпас мінезін, ерлігін үлгі етсе екен қазіргі заман жастары. Батыр рухы – жол нұсқап, бағдар беретін қазақтың темірқазық жұлдызы. Биік шоқы басына есімін айдарлап, ескерткіш тақта қоюдың басты себебі де – осы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Материалдың жариялану ақысы Nur Otan партиясының Қарағанды облысы

Қарағанды қаласының сайлау қорының қаражатынан төленді.

Басқа материалдар

Back to top button