АймақПриозерск

Шағын шаһардағы ахуал бақылауда

Сейсенбі күні Приозерск қаласының әкімі Қайрат ҚАМЗИН онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қабылданған шаралар мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жобалардың іске асырылуы туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, аурудың алын алуға бағытталған шаралар кестеге сай жүзеге асырылуда. Балалар ойын алаңдары, скверлер, қоқыс жәшіктері, жаяу жүргіншілер жолдары, сонымен қатар, қаладағы көлік жолдары сұйық гипохлорид қосындысымен аптасына 2 рет жуылуда. Аталған жұмыстарды «УЖКР» мекемесі атқаруда.

– Қаулыға сәйкес, 13 маусымнан бастап Қарағанды облысында коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты карантиндік шараларды күшейту енгізілді. Вирус әлі толық жойылған жоқ. Сондықтан, санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтап, той-томалақ, құдалық сияқты басқосу шараларынан бас тартқан жөн. Бүгінгі күні біздің өңірде коронавирустық инфекциямен ауыру фактілері тіркелмеген. Бұл – қуанарлық жағдай. Дегенмен, әрбір қала тұрғынынан сақтық шараларын орындап, өздерін, өз отбасын, ата-анасын, туған-туыстарын ойлап, тазалық сақтап, қажетсіз көшеге шықпай, 3 адамнан артық адамның жиналмауын қадағалауын сұраймыз. Маңыздысы – медициналық жабдықтардың санын арттыру, қаладағы халық көп жүретін орындарда залалсыздандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланып отырмыз. Қарағанды облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қалаға 9 залалсыздандыру құрылғысын жіберді. Олардың төртеуін әскери бөлімге, қалғанын «УЖКР», «Ертай» мекемелеріне, ауруханаға, спектрге, білім беру саласының қажеттілігі үшін бір-бірден таратып бердік. Карантинде Ресей Федерациясының 14 азаматы жатыр. Олар әскери госпитальдың медициналық қызметкерлерінің бақылауында. Мониторингтік топпен 18 рейд жүргізілді. Карантиндік режимді бұзған 2 жағдай анықталды. Әкімшілік материалдары сотқа дайындалып жатыр, – деді Қайрат Қамзин.

Сонымен қатар, шаһар басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бөлінген қаражаттың игерілуі және жұмыс сапасын бақылау жөніндегі тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылғандығын мәлімдеді.

Белгілі болғандай, жалпы Приозерск қаласы бойынша халықты жұмыспен қамту мақсатында 10 жоба іске асырылады. Бұл жобалар аясында 224 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде, Приозерск қаласының жұмыспен қамту орталығы арқылы 111 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

«Жұмыспен қамту жол картасын» сапалы әрі мерзімінде жүзеге асыру мақсатында жұмыссыздар тізімі жасалынды. Қазіргі уақытта қалада 7 жоба жүзеге асырылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 37 адам жұмыспен қамтылды. Қалған 2 жобаны бір апта ішінде бастаймыз. Приозерск қаласында бағдарлама бойынша мобильді рекрут орталығы құрылды. Қажетті мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде, – деді спикер.

Сондай-ақ, шаһар басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен қала тұрғындар тарапынан биылғы жылы атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button