Ресми

Санитарлық ереже – басты талап

Қарағанды облысында 10 қаңтарда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу үшін 778 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Қазіргі электоралды кезең күрделі жағдайда өтуде. Эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптары республиканың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен анықталған.

Қарағанды облысындағы сайлау комиссияларының дайындығы және санитарлық шараларды қамтамасыз ету аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов сайлау комиссияларының бес мыңнан астам мүшесі оқудан өткенін хабарлады. Сайлаушылар тізімін нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Облыстық сайлау комиссиясы басшысының ақпараты бойынша, өңірде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-дан ұзақ мерзімді бақылаушылар жұмыс істеуде. ТМД, МПА, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардан байқаушылар келеді деп күтілуде. Саяси партиялардан 2964 сенімді тұлға тіркелген.

Облыстың бас санитарлық дәрігері – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгин эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Бетперде тағу, санитайзерлерді пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Қол ұстасудан аулақ болу керек. Балаларды өзімен бірге сайлау учаскелеріне алып келу ұсынылмайды.

Әр үш сағат сайын сайлау комиссиясының мүшелері бетперделерін ауыстыруы керек.

Облыста сайлау комиссияларының мүшелерін, байқаушылар мен сенімді тұлғаларды ПТР-тестілеу басталды. Республиканың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бұл – «сары аймақ» өңірлеріне қойылатын міндетті талап. Қарағанды облысында бұған Шахтинск қаласы, Абай және Осакаров аудандары енеді. Қалғандары «жасыл аймаққа» кіреді.

Барлық сайлау учаскелерінде жеке қорғану құралдарының қажетті көлемі қамтамасыз етілетін болады. Үй-жайға кірген кезде термометрия жүргізіледі. Температура жоғары болған жағдайда дауыс беруге арналған залға кіруге тыйым салынады. Бұл адамдарды медициналық тексеру үшін жеке үй-жайға оқшаулау қажет. Қажет болса, жедел жәрдем шақырылады.

Дауыс беру кабиналарын мерзімді желдету және дезинфекциялау қажет. Сайлаушыларға бір реттік қаламдар беріледі.

– Қазіргі сайлау коронавирустық пандемия жағдайында өтіп жатыр. Сайлау кезеңінің басты күніне төрт күн қалды. Қалған күндердің негізгі мәселесі – учаскелерді, комиссияларды дайындау, сайлаушылармен жұмысты ұйымдастыру. Санитарлықэпидемиологиялық талаптарға сәйкес ашық сайлау өткізуді қамтамасыз ету – біздің ортақ жұмысымыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Коронавирустық инфекциямен ауыратындар алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауына қатыса алады. Олар үшін дауыс берудің ерекше тәртібі анықталды.

Алгоритмді Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгин түсіндірді.

– Үйде емделуіне байланысты өзін-өзі оқшаулау режимі белгіленген немесе КВИ-ге байланысты карантинде жүрген сайлаушылар ол туралы сайлау комиссиясына хабарлауға міндетті. Сайлау комитетінің мүшесі үйде дауыс беру туралы өтінішті қабылдай отырып, өзін-өзі оқшаулау режимі нұсқамасының бар-жоғын анықтап, санитарлық қауіпсіздік шараларының сақталуын түсіндіруі тиіс, – деді Юрий Залыгин.

Сайлау комиссиясының мүшелері науқастанғандарға баруы үшін жеке қорғану құралдарымен: бір реттік халат, маска және қолғаптармен, антисептикпен қамтамасыз етіледі.

Сайлау комиссиясының мүшелері пәтерге кірмейді. Дауыс беру байланыссыз түрде өтеді: өтініш пен бюллетеньдер үйдің ішіне беріліп, оларды кері алады. Осыдан кейін бюллетеньдер тасымалданатын жәшікке салынады.

Комиссия мүшелері жәшіктің тұтқалары мен бетін міндетті түрде зарарсыздандыруы керек. Сайлау комиссиясының мүшелері пайдаланған бетперделер мен қолғаптар одан әрі жойылуға жіберіледі. Мұны істеу үшін оларды дереу шешіп, жабылатын контейнерге салу керек.

Юрий Залыгин, сонымен қатар, СOVID-19 пациенттерін емдеу үшін ауруханаларда дауыс беру қалай ұйымдастырылатынын айтты.

Стационарға келген сайлау комисссиясының мүшелері індетке қарсы костюм киіп, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Олар науқастармен байланыста болмайды. «Қызыл аймаққа» медициналық қызметкерлер өтініштер мен бюллетеньдерді енгізеді. Дауыс беру аяқталғаннан кейін жәшік дезинфекциялаушы құралмен және ультракүлгін сәулемен залалсыздандырылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button