Ресми

Азаматтардан келіп түскен бұзушылықтар бойынша өтініштер құзыретті органдарға жіберілді – А. Сарғазин

Дауыс беру басталған сәттен бастап прокуратура органдарына 2 өтініш келіп түсті. Қадағалау органының қызметкерлері жедел әрекет етті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин іс-қимыл тетігі жайлы баяндады.

«Біріншіден, Маңғыстау облысының прокуратурасына әкімшілік қамауға алынған адам көшпелі сайлау комиссиясының құрамында байқаушылардың жоқтығы және олардың қатысуынсыз дауыс беруден бас тарту туралы өтініш білдірді. Өтініш құзыретіне сәйкес аумақтық сайлау комиссиясына және облыстық полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды. Екіншіден, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының прокуратурасына Б. деген азаматшадан оны №163 сайлау учаскесіндегі бақылаушылар тізімінен негізсіз шығару туралы өтініші келіп түсті. Бұл өтініш аумақтық сайлау комиссиясына жіберілді», – деді прокурор.

Жалпы, ол сайлау науқаны мен тікелей дауыс беру күні тыныш жағдайда өткенін атап өтті.

«Электоралды кезеңдегі қадағалау қызметінің нәтижелері Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау Конституцияның және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарын сақтай отырып өткізілді деп айтуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Сарғазин.

Басқа материалдар

Back to top button