Бас тақырыпБасты тақырыпКоронавирус

Биыл мерекелік корпоративтер болмайды

25-желтоқсаннан бастап келер жылдың 5-қаңтарына дейін ел аумағында карантиндік шаралардың күшейтілетіні мәлім. Ол – кейбіреулер ойлағандай, көліктер мен адамдардың қозғалысына емес, жаңажылдық мерекелеу шараларына қатысты салынған шектеулер. Яғни, көрсетілген мерзім аралығында мерекелік, спорттық-көпшілік шараларды, конференция, форум, семинар сынды басқосулар, отбасылық той-томалақ өткізуге, сонымен бірге жаңажылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерге тыйым салынады. Ал, жаңа жыл қарсаңында азық-түлік пен сыйлыққа асыққандар жанталаспаса да болады. Сауда орындарының жұмысында өзгеріс жоқ.

Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті берген мәліметке сүйенсек, қоғамдық тамақтану орындары жұмыс және демалыс күндері 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл ретте сауда-ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, жабық ғимарат ішінде орналасқан нысандар ішінде 30%-дан артық адам болмауы және 50 орыннан асырмай, 1 адамға 4 шаршы метр талабын сақтауы тиіс. Сонымен қатар, фуд-корттар сыртта және жеткізіп беру қызметтерін жүзеге асырады.

Облыс көлеміндегі сауда үйлерінің жұмыс режимі жұмыс күндерінде шектелмейді, ал, мерекелік және демалыс күндері 17:00-ге дейін ғана. Ал, алғашқы қажеттіліктегі тауарларды сататын азықтүлік супермаркеттері мен дүкендер жұмысына шектеу жоқ. Бірақ, Жаңа жылдың басты кейіпкерлері – Аяз ата мен Ақшақар да биыл жұмыссыз қалуы мүмкін. Дәрігерлер оларды үйге шақыртқан дұрыс емес екендігін айтып, кеңес беруде.

Олардың бір күн ішінде бірнеше үйге барып, коронавирустың белгілері білінбейтін түрін таратуы мүмкін екендігін есте ұстаған жөн. «Сары аймақта» тұрған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерлері Аяз ата мен Ақшақар жұмысына тыйым салды.

Біздің аймақта эпидемиялық ахуал қалыпты дегенімен, кешегі күні республика тұтастай «сары аймаққа» енді. Елдегі жалпы эпидемиологиялық ахуалды бағалайтын матрица мәліметтері осыны көрсетті. Кешегі күнгі статистикаға сәйкес Ақтөбе облысы – «қызыл аймақта». Жоғарыда аталған екі ірі қала мен Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары – «сары аймақта». Қалған өңірлер коронавирустың таралуы бойынша «жасыл аймақта» тұр.

Карантинді күшейтудегі мақсат жаңажылдық корпоративтерді тыю. Адамдардың көп шоғырлануы көзге көрінбейтін вирустың таралуына ықпал ететіні айтпаса да түсінікті. Ал, мереке тойлаған адамдардың санитарлық талаптарды сақтамайтыны анық қой. Елдің іргелі кәсіпорындары мен мекемелері мұның алдында мерекелік басқосуларды ұйымдастырмайтындарын жеткізген еді. Дегенмен, карантинге қарамай той жасап, үстінен түскенде есік-терезеден қашып шыққандар туралы ақпарат құралдарынан көріп те, естіп те жүрміз. Түптеп келгенде адамның санасы мен жеке жауапкершілігі болмаса, салынған тыйым да тиімсіз екеніне көз жетті. Нәтижесі де көз алдымызда. Вирус жұқтырғандар саны ел бойынша 150 мыңнан асты. Нақтыласақ, 24-желтоқсандағы мәлімет бойынша 150 198 адамда COVID-19 анықталды. Қарағанды облысында 37 адамда жаңадан анықталып, вирус жұқтырған 11 836 адам болды.

Мереке күндері карантин талаптарының орындалуына да бақылау қатаң болмақ. Оны бұзған жеке адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы, 1-бөліміне сәйкес 30 АЕК, шағын бизнес өкілдері – 230 АЕК, орта бизнес пен ірі бизнес субъектілері 310 және 1600 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button