Ресми

Қарағанды спорты – өз биігінде

Биыл Қарағанды спортының қарқыны жоғары. Бүгінгі таңда еліміздің Ұлттық құрамасына облыстың 1 471 спортшысы еніп отыр. Оған қоса аймақта 100-ге тарта спорт түрлері дамуда. Бұған облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТЫҢ  қатысуымен ZOOM платформасында өткен жиында куә болдық. Облыстағы спорт саласында атқарылған жұмыстар қорытындыланған жиында үздіктер марапатталды.

– Әлемді шарлаған короновирус салқыны спортты да айналып өтпеді. Спортшылардың оқу-жаттығу жиындары, түрлі деңгейдегі жарыстар толыққанды өткізілмесе де, жұмыстар тоқтап қалмады. Уақыт талабына бейімделе отырып, жаттықтырушылар жұмыстарын қашықтан жүргізді. Ал, іс-шаралар онлайн-форматта өткізіліп отырды. Айта кету керек, біз жыл қорытындысын спорттық көрсеткіштерге байланысты емес, осы атқарылған жұмыстарға сай арнайы жасадық, – деді облыстық спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыста 45 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Оларда 32 896 балалар мен жасөспірімдер спортпен тегін шұғылдануда. Спорт секцияларына баратын балалар мен жасөспірімдердің саны – 146 015.

Жиында сөз алған Абзал Нүкенұлы облыстағы спорттың дамуына тоқталып, спортшыларға алғыс білдірді. Қарағандылық спортшылардың Қазақстанның даңқын асқақтатып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете түсеріне сенім білдірді.

Жиында «Жыл жаңалығы» номинациясына Премьер – Лига командалары арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 4-орын алған және Еуротурнир-конференциялар Лигасына қатысу құқығына ие болған «Шахтер» футбол клубы лайық деп танылды. «Пандемия кезіндегі спорт бөлімінің жұмысын үздік ұйымдастыру» номинациясында «Теміртау қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің» басшысы Дәурен Есімханов және «Осакаров ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі» басшысы Бауыржан Дулатов марапатталды.

Онлайн форматта өткен жиында Темірхан Серікбайұлы тұрғындарды дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту бойынша жұмыста, әсіресе, ауылдық жерлерде жұмысты ұйымдастыратын спорт нұсқаушыларының маңызы зор екенін атады.  Бүгінгі таңда облыстағы спорт нұсқаушыларының саны 271 адамды құраса, ауылдық жерлерде 78 нұсқаушы жұмыс істейді.

Жалпы , карантиндік шаралар кезінде барлық дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін қолжетімді спорт нысандарының 3 155-інде  санитарлық нормалар мен ережелерді сақтай отырып, онлайн-режимде 371 спорттық жарыстар ұйымдастырылып, оларға 18 564 адам қатысыпты. Балалар мен жасөспірімдердің, жастардың спортқа қызығушылықтарын арттыру мақсатында жаңа жобаларды жүзеге асыру да қолға алынды. Мәселен, ағымдағы жылы спорт мектептерінің жаттықтырушылары және спорт нұсқаушыларының күшімен «Аула-фит» бағдарламасы жүзеге асырылған болатын. Спорт нысандарына қажеттілікті төмендету мақсатында бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Саланы дамытуға бағытталған қарқынды жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button