Руханият

«Білімділер көп те, біртуарлар неге жоқ?»

Аса құрметті Нұрлан Орынбасарұлы!

Көптен бері көңіл толқынына ілесіп жүрген жастар мәселесі – олардың оқуы мен тәрбиесі, қоғамдағы орны мен оның орайлы шешімі туралы ой-пікірімді халқымыздың қай буынымен де қалтқысыз араласып жүрген Сізбен бөліссем деп жүр едім. Мұның орайы жаңа жыл, естуімше, Жастар жылы болайын деп тұрған тұсқа дөп келген секілді. Қай елде, қай жерде болмасын жас қауымды қоғамның келешек иесі деп білген ғой. Қазақ жұртында да солай.

Тәуелсіздіктің отыз жылында дәуірдің тың ауасымен тыныстаған жаңа буын ортаға кеп орнықты. Осы уақытта мемлекетіміз олардың өмірден орнын табуында бірталай бағдарламаларды іске асырды. Жастарымыздың алды алыс жердің, арты жақын жұртымыздың білімімен сусындап, ел кәдесіне жарауда. Бұл ретте бүгінде тізгінін Сіз ұстап отырған жоғары оқу орнының да қыруар іс тындырып келе жатқанын көріп отырмыз.

Ал, мені алаңдатып отырған мәселе білім берумен қоса, тәрбие тақырыбына көбірек басымдық бергісі келеді. Меніңше, жан-жақты тәрбие – «толық адам» болып қалыптасудың негізі. Өзіңіз жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей зерттеп жүрген Алаш әлемінің әйдік көсемі Әлихан Бөкейханның біреулер мән беріп айтып жүрген, енді бірі ел айтып жүр ғой, мен де айтайын, – деп айтып жүрген «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген қанатты тіркесінің де түп мәнісі осы тәрбие мәселесіне тіреледі. Өйткені, мінезді мүсіндейтін – тәрбие. Кейде момақан ғылым докторынан гөрі ептеп қана оқығаны бар, аздап қана тоқығаны бар мінезі батыл адамның жұртқа тигізер пайдасы көбірек болмақ.

Мәртебелі Әлекең жоғарыдағы қағидасын өмірден алған. Мәселен, біздің елді білімді азаматқа кенде, – дей алмайсыз. Көкірек көзі ашық жастар баршылық. Бірақ, солардың бәрі ұлты үшін жұмылып, жұрты үшін жұлынып жұмыс істеп жүр, – дей аласыз ба? Ел тағдыры, жер тағдыры, тіл тағдыры, осылардан келіп шығатын ұлт тағдыры қаншасының түн ұйқысын төрт бөліп жүр? Қайсы жеме-жемге келгенде жеке басын ұмытып тәуекелге бара қойыпты? Жарайды, кешегі кеңестің кенеп шекпенінен шыққан бұлардың көбісінің буыны қатып кеткен делік, ал, жаңа буын жастарымыздың бойкүйездігіне не жорық?! Әрине, бәрі бірдей деуден аулақпын. Бірақ, көпшілігі-ақ білімі тасып тұрса да бұйығы, қайраты тасып тұрса да қорқақ, ырысы үйіріліп тұрса да ынжық екенін несіне жасырамыз.

Ал, дипломмен алып қарағанда білімі бұлардан едәуір «төмен» кешегі Алаш ардақтыларының тағылымы қандай еді?! Ұлт пен жұрттың тағдыры таразыға түскенде басын бәйгеге тіккен солардың көбінің орта жасы отыздың маңайында ғана еді ғой. Бүгінгі Қазақстанның қасиетті жері мен қастерлі картасының бекімін Ленин жүргізіп отырған дүйім жиналыстың алдында асқан білім, алапат жанкештілікпен 6 сағат бойы айқасып аман алып шыққан Әлімхан Ермеков сол кезде 29- ақ жаста болатын…

Ал, бұларға мұндай қасиет қайдан келді? Білімнен ғана ма? Онда оларды он орап кететін біз не ғып отырмыз? Міне, «…ұлтқа қызмет ету – мінезден» деген Әлихан әфсанасының шешуі осы жерден шығады. Екінші сөзбен айтқанда, ұлтқа қызмет ету – ұлтын жан-тәнімен сүйетіндей етіп берілген тәрбиеден, содан қалып алатын мінезден туындайды. Егер бала бесік жырын естіп, тілі ана тілінде былдырлап шықпаса, қариялар айтқан қазыналы ойларды зердесіне түйіп, қаріп танығаннан батырлар жырына бас қоймаса, хандары мен билері бар екенін біліп, батырлары мен бағландарына бас имесе, сөйтіп, өзінің қазақ деген ғажайып халық екенін жан-тәнімен түйсініп өспесе, оларға мұндай патриоттық қайдан келмек?! Бүгінгі жастарымызға осының жұғыны болса да дарыды ма?! Неге бізде білімділер көп те, біртуарлар жоқ?! Бұл – ойланатын сұрақ. Осы орайда, редакцияның көлемнен қысуына байланысты өзімді тежеп, қазақтың біртуар жазушысы һәм көшбасшысы Жүсіпбек Аймауытовтың 1918 жылы, 2-ші қазанда «Абай» журналында жарияланған мақаласынан үзіп алынған ойларға орын бергім келеді: «… Естеріңізде болсын, қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды».

«… Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр».

«… Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткен минут – ұлт ісіне зор шығын…».

Неткен көреген һәм көнермейтін ой. Біздің бекер кеткен уақытымыз жазушы айтқан сағат пен минуттың аясына сыя қояр ма екен?! Қайран Жүс-ағаң осы ойларын толғағанда заманның жақын уақытта түзелерінен үміт еткен ғой. Мұның жүз жылдан кейін де өзекті болатынын қайдан білсін.

Әрине, бүгінгі қазаққа осы замандық білім, озық технология, орайлы тұрмыс салты керек. Бірақ, қазақтың қазақтық қалпынан – сан ғасырлық салтынан, дәуірлер дүкенінде шыныққан дәстүрінен, мыңжылдықтар мектебінде мерейленген мәдениетінен ажырап қалуға болмайды. Ол үшін жастарымызға байыпты біліммен бірге, көшелі тәрбие керек екен. Ал, осы «керектерді» кәдеге асыратын нақтылы тетік бар ма бізде?

Құрметті Нұрлан Орынбасарұлы, кеше кетіп тынған Кеңес үкіметі кезінде жас ұрпақ – жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген еді ғой. Бастауыш сыныптың баласы октябряттың, бастауыштан кейінгісі пионердің, одан ересегі комсомолдың, одан үлкенірегі партияның тәрбиесінде болды. Барлық ұран мен насихат Отанды сүюге, адал еңбек етуге, ғылым-білімді игеруге, сөйтіп, коммунизмнің игілігін көруге бағытталды. «Адам адамға дос, бауыр және жолдас» деп келетін, тоғыз пункттен тұратын «Коммунизмнің жас құрылысшыларының моральдік кодексі» қандай еді?! Бұл өткенге шақыру емес. Бұл кезінде ұрпақ тәрбиесінде тиімді болған сондай бір жүйелі тәрбие тетігін бүгін де ойлап тапсақ деген аңсардан туындап жатқан ой.

Қадірлі Нұрлан Орынбасарұлы! Әңгіме ауанынан қазіргі жастарымыздың бойына отансүйгіштік, патриоттық, мемлекетшілдік, қажет болса, қазақшылдық қасиеттерді дарытуда әлі де қыруар жұмыс атқаруымыз керек екенін байқап отырған боларсыз. Ел болашағы – жастарымыз алған білімі мен сіңірген тәрбиесін ұлт мүддесіне, қазақ қамына жұмсай алатын мінезді азамат болып шықса қандай ғанибет?! Мәселе – білім мен тәрбиенің дара-дара кетпеуінде. Әрине, ұрпақ бойында барынша мемлекетшіл, байыпты да батыр мінезді қалыптастыру отбасы мен балабақшадан, жалпы білім беретін мектеп пен жоғары оқу орнынан, жүрген-тұрған ортасынан негіз тартатыны белгілі. Осының бір буыны ақсаса көздеген мақсат көзден ұшпақ.

Осы орайда көп мәселенің өзегі қазақ тіліне барып тірелетінін ұмытпаған жөн. Дұрысында тәуелсіздіктің бүгін отызға толған буыны қазақ тілінде сайрап, ұлт мәселесінде қайнап тұруы керек еді. Біз бұған жете алған жоқпыз. Сондықтан, Жүсіпбек Аймауытовтың бұдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен сөзін бүгін де қайталауға мәжбүрміз. Осы заманның бір саяхатшысы: «Дүние жүзінің бәрін араладым, өз тілінде сөйлемейтін бір-ақ мемлекетті кездестірдім. Ол – Қазақстан», – деп жазды өткенде. Бұдан асқан масқара болар ма?! Біз қоғамдағы біраз істің кереғар кетіп жатуының себебі елдік тіршілігімізді ұлттық мұраттарға сай негіздей алмағандықтан екенін мойындауға тиіспіз.

Ардақты Нұреке, сіздің ұлт патриоты екеніңізге, әрі республикадағы белді білім ордаларының бірінің басшылығында отырғаныңызға иек арта отырып, өз мүмкіндік аяңызда жастарымызды білімді һәм батыр мінезді етіп тәрбиелеуде ұзақ мерзімге тартатын кешенді шараларды белгілеп, жас буынның жаңа бейнесін қалыптастыруда жаңа қадам жасауға ықпал етуіңізді сұраймын. Менің аталған мәселеде кемшін қалған немесе артық кеткен тұстарыма тоқталып, ойға ой жалғап жатсаңыз, нұр үстіне нұр. Ұлы Әлихан мен дүлдүлЖүсіпбек мырзалар атап көрсеткендей, ұлтқа қалтқысыз қызмет ете алар мінезді буынды қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Соған атсалысайық, Алаш жұрты!

Құрметпен Абзал БӨКЕН.

Алматы қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button