АймақКоронавирусСұхбатШахтинск

Мәулен ҚАЖЫКЕНОВ: «Мақсат – тұрғындар денсаулығын сақтау»

«Сақтансаң – сақтайды» демекші аймақта карантин талаптары күшейтілді. Облыстың медицина мекемелері етек-жеңін жиып, індетті өршітпеуге күш салуда. Осы орайда коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық пен атқарылып жатқан жұмыс туралы білу үшін Шахтинск қалалық емханасының басшысы Мәулен ҚАЖЫКЕНОВТІ әңгімеге тарттық.

– Мәулен Шарапатұлы, 19 қазаннан санитарлық бекеттер орнатылып, сақтық күшейді. Сіз басқарып отырған емханада осы бағытта қандай жұмыс атқарылуда?

– КВИ-дің таралуын тежеу мақсатында ісшара жоспарын әзірлеп, бекіттік. Соған сай, тиісті жұмыс жүргізілуде.

Емхана кіреберісіндегі мейірбике бекетінде медицина қызметкері пациенттің қашықтан дене қызуын өлшеп, денсаулық жағдайын сұрап біледі, қолына антисептикпен өңдеу жүр­гізеді. Сондай-ақ, кіреберісте дезинфекциялық тосқауыл (кілемше) орнатылған. Дене қызуы бар науқастан ЖРВИ белгілері анықталса, емхананың тексеру сүзгісіне жіберіледі. Пациенттер бір есіктен кіріп, басқа есіктен шығады. Барлық қабатта пациентті қашықтан бақылау жүргізіледі, олардың арасындағы қашықтық – 1,5-2 метр. Ауладағы емханаға кіреберіс алдында және барлық қабатта орындардарға белгі соғылған.

Мейірбике бекетінің қызметкерлері комбинезон, қолғап, бас киім, көзілдірік, бахилла, термометр және антисептик сынды бір рет қолданылатын жеке қорғаныс құралымен қамтылған.

Емханада 6 фильтр жұмыс істейді. Әрқайсысы пациентке жеке қабылдау жүргізеді, ал балалар мен жүкті әйелге бөлек сүзгі ұйымдастырылған.

Сүзгілер дезинфекциялау кабинасымен жабдықталған, пациент пен фильтр қызметкері жеке есіктен кіріп-шығады. Әр 3 сағат сайын және ауысым аяқталған соң, дезинфекциялау жүргізіледі. Олар ЖРВИ мен пневмонияны анықтайды, КВИ-ге қарсы тексеріс жүргізіп, анықталса емдейді.

– Пациенттің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етесіздер?

– Пациенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған және қатаң қадағалау ұйымдастырылған. Пациенттер арасында міндетті түрде 1,5-2 метр қашықтықты сақтауға, бетперде киюге мұқият қараймыз.

Медицина қызметкерлері науқасты жеке қорғаныш құралымен қабылдап, үнемі түсіндіру жұмысын жүргізеді. Барлық қабатта қалай сақтану қажеттігі жайлы ақпарат орналастырылған. Мониторда ЖРВИ және тұмаудың алдын алу туралы бейнеролик жүріп тұрады.

60 жастан асқан егде емделушіге, сондайақ диспансерлік есепте тұрған бала мен созылмалы науқасқа үйде болу ұсынылады. Оларға қызмет көрсету қашықтан, сондай-ақ мобильді бригада мен шұғыл медициналық көмек арқылы жүзеге асырылады.

– Жалпы, емханада тәжірибелі дәрігер нешеу, жас маман ше?

– Емханада барлығы 112 дәрігер бар. Биыл тамызда жұмысқа жас мамандар қабылдадық. Сонымен, 19 жас маман, жұмыс тәжірибесі бар, тіс қаққан дәрігердің саны – 93.

– Емхана автокөлікпен, қажетті құралжабдықпен қалай қамтылған?

– Иә, бұл жағынан қиындық жоқ. ЖРВИ белгісі бар пациенттерге уақытылы қызмет көрсетуге емханада 6 мобильді бригада жұмыс істейді.

Ауыр және респираторлық ауруларды, сондай-ақ пневмонияны диагностикалау үшін емхана қажетті флюорографиялық және рентген аппаратымен, басқа да диагностика аппаратымен қамтамасыз етілген. Қа­рағанды қаласының медицина мекемелерімен компьютерлік томография жүргізуге келісімшарт жасалды.

Медициналық автокөлік жеткілікті. Мобильді бригадаларға 6 автокөлік бөлінді. Барлық мобильді бригадалар мен жедел жәрдем бригадалары, жүргізушілерді қоса алғанда, қажетті жеке қорғаныш құралдарымен, термоконтейнерлері бар қоршау материалмен, пульсоксиметрмен және дәрі қобдишамен қамтылған.

Науқастарды қабылдауға, жұмыс тәртібіне тоқталсаңыз? Учаскелік дәрігерлер қалай жұмыс істеуде?

– Емхана алдын ала жазылу бойынша сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін және жазылудан тыс жедел көмекке мұқтаж науқастарды күнделікті қабылдайды. Учаскелік дәрігерлердің жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Олар күніне науқастарды қабылдау – 4 сағат, қашықтан кеңес беру – 1 сағат, 2 сағат үйде қоңырау шалу, кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс істеуге 1 сағат жұмыс істейді.

Жұмыс кестесі емхананың сайтында, «ДамуМед» мобильді қосымша мен Instagram-да көрсетілген.

– Ал, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?

– Иә, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. КВИдің болуы мүмкін екінші толқыны кезеңінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында қосымша тапсырыс жасалды. Дәрі-дәрмектің барлық тағайындауы диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамасы негізінде ЖРВИ, пневмонияны емдеудің қабылданған жүйесімен жүзеге асырылады.

– Әлеуметтік желі жайлы айтып қалдыңыз. Онда да кеңес беріле ме?

– Емханамен тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы тұрақты жүргізіліп келеді. Барлық қабаттағы мониторда КВИ-мен сырқаттанудың алдын алуға арналған сақтық шарасы туралы бейнежазба көрсетіледі.

Дәрігердің қабылдауында емделуші ЖРВИ және тұмаудың алдын алу жадынамасымен қамтамасыз етіледі.

Instagram-да аптасына 3 рет халықпен тікелей эфир өткіземіз. Емхана сайтының (http:// poliklinika-shah.kz/) басты бетінде ЖРВИ және пневмонияның алдын алу тақырыбына аудио, бейнежазба орналастырылған. Сонымен қатар, онда емделушілерге қажетті көптеген ақпаратты табуға болады. Мақсат – тұрғындар денсаулығын сақтау. Денсаулық болса, басқасы өз ретімен жүзеге аса беретіні анық.

– Уақыт бөліп, сауалға жауап бергеніңізге рахмет. Ауырмайық!

Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button