Тағдырлы туындының тағылымы
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайлы бейнежазбаларды қарап отырып, халқымыздың «Азаттық!» деп соққан жүрегінің дүрсілін сеземін. Қазақтың алдаспан рухты жастарының осы ауқымды көтерілісінен соң, посткеңестік елдердің біразында толқулар орын алғаны белгілі. Соның арқасында қаншама жыл бойы қабырғамызды қаусатып, барымыздан айырған шовинистік билік күйреп, аңсап күткен азаттыққа қол жеткіздік. Сол Желтоқсанның ызғарлы, аязды күнінде алаңдағы адуынды жастар Шәмші ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұрған деседі.
«Ақынды, композиторды немесе кез келген талантты халықтың рухани сұранысы туғызады» деген сөздің бекер айтылмағанына осы «Менің Қазақстаным» әнінің туу тарихы дәлел бола алады. Шәмші Қалдаяқов – дер кезінде халықтың рухани шөлін қандырған алапат талант. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Халық өзі толғатып тапты оны. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі шөліркеген көңілдерге табиғи әндерімен музыканың нәрін сыйлап, өмірге деген құлшынысын оятқан тылсым өнер иесі.
Ал, «Менің Қазақстаным» әнінің сөзін неге басқа емес, Жұмекен Нәжімеденов жазды?» деп ойлаймын, кейде. Бірақ, мұндай тарихи, терең әннің өлеңін өз заманы туғызған сирек таланттар қатарындағы Жұмекен сынды біртуар ақынның жазуы заңды сияқты.
Әннің тарихының өзі арқаңды қоздырады. 1956 жылы Кеңес үкіметінің салқын саясатына деген ішкі наразылықтан, КСРО билігінің қазақ жерін бөлшектеуге ашық қарсылықтан туған ән – бұл. Бұл жоғарыдағы сөзімізге – дәлел.
Осы туралы: «Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы 5 облысты 1 өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын Әнұран қажеттігін сездім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді» – деген екен Шәмші Қалдаяқов.
Бұл естеліктен аталған әннің елге жетуінде біраз қиыншылықтың болғанын байқаймыз. Себебі, туынды халықтың көкейінде, тілінің ұшында жүрген арман-аңсары мен болашаққа деген сенімін дөп басып, дәл кезінде жазылған бірегей туынды.
Осылайша, 1956 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылдың 6 қаңтарынан бастап, тәуелсіз елдің әнұранына айналды. Биыл бұл тарихи оқиғаға – 15 жыл толса, Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 30 жыл. Бабалар аңсаған қастерлі азаттықтың 30 жылдығы – бұл.
Ұлт рухының тұтастығын әнұранымыздың тағдырлы тарихынан-ақ білуге болады. Бір кездері Солтүстік облыстардың тың игеру арқылы Ресейге берілуіне қарсылықтан туған ән, сол өлкедегі жаңа астана Нұр-Сұлтан қаласында әнұран болып бекітілді. Кейбір тұстарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың заман талабына икемдеп, өңдегені белгілі. Ерекше қуантатыны қазақтың шовинистік пиғылдағы кейбіреулерге деген баяғы қарсылық пен азаттыққа ұмтылған асқақ рухының әлі де өз күшінде екендігі…
Алатаудың бөктерінен Арқа жеріне Елордасын көшіргенде көп адамдар мұның мәнін түсінбегені анық. Бастысы, сол алыпқашпа әңгімелерге қарамай, «Целиноград» Ақмолаға ауысып, Арқа төсінде, Есілдің бойында, бұрынғы Қыпшақ хандығының астанасы Бозоқ қаласы орналасқан мекенде алып шаһар бой көтерді. Санаулы жылда ел мұнда жаппай көшіп, саны еселеп өсті. Солтүстік облыстар әжептәуір қазақыланды. Арқаға оңтүстіктің қазақы қаймақты сақтап отырған халқы мен көрші елдердегі қандастар оралды. Осылайша, тағдырлы ән қария тарих пен қаймана халық алдындағы өз миссиясын қасқая тұрып орындады. Мұның бәрі – ымыра-бірліктің, асқақ рух пен тамыры терең елдіктің арқасында бұйырған Тәуелсіздіктің шарапаты.
Ұлттық ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбайұлы «Абай – сөз құдіреті болса, Шәмші – саз құдіреті» деген мақаласында: «Жастар ұнатқан жандарына іңкәр сезімін Шәмші әндерімен айтатын. Анаға, Жер-анаға, атамекенге, Отанға деген махаббаттарын ел Шәмші әндерімен жеткізетін. Адам баласының кеудесінен орын тепкен небір ғажап сезімдердің қай түрі де Шәмші әндерінен баян тауып жататын. Ол көзі тірісінде-ақ ұлылық ауылының төрінен орын алған. Әндері ширек ғасыр бойы жастардың аузынан түспей айтылған композиторлар некен-саяқ. Сол некен-саяқтың бір де болса бірегейі – Шәмші еді», – деп еске алған екен.
Шәмшінің сазгерлігімен қатар, тарихы ерлігін, қайраткерлігін де ұмытпаған жөн. Сол қайсарлық пен халқына, еліне, жеріне деген үлкен махаббаттан туған ән бүгінде тұтас ұлттың әнұраны.
Байқасақ, ұлы сазгер бүкіл қазақ халқының атынан, Кремльдің сойқан саясатына деген наразылығын осылай ән арқылы жеткізген. Қазақ ССР Компартиясының идеология бөлімінің бұйрығымен кезінде сөздері өзгертілген көрінеді. Кедергіге қарамай «Менің Қазақстаным» әні әнші Жамал Омарованың орындауында сол кездегі өр мінезді редакторының патриоттығы арқасында «Қазақ радиосының» әуе толқынында күніне бес-алты мәрте шырқалып, Қазақияның түкпір-түкпіріне таралады. Осылайша, қыспаққа түскен ұлттық рух пен идеологияның тамырына аз да болса қан жүгірткен. Демек, «Менің Қазақстаным» әні қазақтың зар заман жылдары туған «Елім-ай» әні сынды, тарихи арқалаған жүгі ауыр, тағдырлы туынды екені сөзсіз.
Тағдырлы елдің ақыны да, сазгері де, әнұраны да – тағдырлы. Азаттық жайлы айтылған сайын әнұранымыздың тағылымды тағдыры көз алдымнан тізбек-тізбек өтіп жатады. Қалың мұңға батқан «Қазақ вальсінің королі» Шәмші мен сөзбен сурет сала білген тегеурінді ақын Жұмекен келеді көз алдыма. Ал, құлағымда ұлан-байтақ даламызды ерекше сиқырымен тербеген сол ән жаңғырып тұрып алады…
Жәлел ШАЛҚАР.