Өзін оқшаулаған өмірін сақтайды
Әлемде COVID вирусымен ауырғандар саны 39 миллионға жуықтады. Қазақстанмен шекаралас Ресей мен Өзбекстанда да індеттің өсу қарқыны байқалады. Өткен аптада АҚШ-та пандемия басталғалы бір тәулікте коронавирус жұқтырған науқас бойынша антирекорд – 80 мыңнан аса науқас тіркелді. Ал, кешегі жағдай бойынша елімізде ПТР тестінің оң нәтижесі бар коронавирус инфекциясын жұқтырған 140 жағдай анықталды.
АҚШ-тағы жағдай жөнінде CNN телеарнасы жаңа антирекордпен қатар ауруханаға жатқызылғандар мен елде бір күнде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар артқанын хабарлады. Сарапшылар, сондай-ақ «ең жаманы, әлі алда екенін» ескертті. Джонс Хопкинс атындағы университеттің мәліметі бойынша, бүгінде АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 8 581 574-ке жетіп, 224 912 адам қайтыс болған. Ресейде де жағдай мәз емес. Індет өршіп тұр. Ресей Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлағанын мәлімдеуде.
Қазір Қазақстанда ПТР-тестінің оң нәтижесі бар коронавирус бойынша 2020 жылғы 25 қазандағы эпидемиологиялық жағдай бойынша өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 140 жағдай тіркелді. Инфекция жұқтырғандар 110 542-ге жетті. Оның ішінде Қарағанды облысында 10500(+10) жағдай тіркелген.
Лифт пен үйдің кіреберісі – коронавирус жұқтыру мүмкіндігі тұрғысынан көпқабатты үйлердің ең қауіпті жері. Пандемия кезіндегі тағы бір артықшылық баспалдақпен жүруі екенін ескертті биология ғылымдарының докторы, Джордж Мейсон университетінің (АҚШ) жүйелік биология мектебінің профессоры Анча Баранова.
– Коронавирусты тасымалдаушы сізден жарты сағат бұрын лифтке кірді делік. Лифтпен керек қабатына барды. Вирус ауамен сол лифтіде тұрады, – дейді профессор.
Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус әлемді пандемияның ең ауыр айлары күтіп тұрғанын мәлімдеді. «Біз COVID-19 пандемиясының ең ауыр кезеңіндеміз. Әсіресе, солтүстік жартышарда жағдай қиын. Келесі бірнеше ай өте ауыр болады және бірқатар мемлекет қауіпті бағытта келеді. Көптеген мемлекетте коронавирус жұқтырғандар санының күрт артқаны байқалады», – деді ДДСҰ басшысы.
Ведомствоаралық комиссия шешімімен 26 қазаннан бастап Қазақстанда кинотеатрлар жұмысын қайта бастауы тиіс болатын. Бірақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы кинотеатрлар әлі жұмысын бастамады. Қалалық бас санитар-дәрігер Жанна Пірәлиеваның айтуынша, Нұр-Сұлтанда өткен аптадағы коронавирус көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда біршама өскен.
– Көбіне мектеп жасындағы бала лар мен ересектер ауырып жатыр. Сондықтан, кинотеатрлар әзірше жұмыс істемейді. Осымен 10-шы күн жасыл аймақтамыз, бірақ соңғы 4 күнде көрсеткіш өсіп жатыр. Егер 14 күн ішінде біз жасыл аймақта болсақ, сол кезде ғана босаңсуға болады. Бүгін тек 10-шы күн. Босаңсу жайлы әлі айта алмаймыз, – деді бас санитар-дәрігер.
Вирусолог мамандар адамдар әлі де болса көп елде індетке салғырттық танытып отырғанын айтады. Немқұрайлықпен қарап, көпшілік жиналатын жерге баруға тыйым салынғанын естен шығаруда. Сондай-ақ, сақтану – жеке адамның жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытады.
«Оқшаулануды әркім өзінен бастағаны жөн. Бұған әрқайсымыз қосатын үлес – үйден шықпау. Бір адам өзін оқшауласа, көп адамның өмірін сақтайынын жадында ұстау тиіс», – дейді Шахтинск қалалық орталық ауруханасының дәрігері Рамиса Омарова.
Аяулым СОВЕТ.