Автобустар жүре бастады
Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның деректеріне сүйенсек, Қарағанды облысында өткен тәулікте клиникалық симптомдары бар COVID-19-ды тағы да 52 адам жұқтырған. Олардың диагнозы байланыста болған адамдардың ПТР-тесттері мен скринингтік тексерулердің нәтижелері бойынша расталды. Көбісі Қарағанды тұрғындары.
Облыс орталығында – 30 науқас, Теміртау қаласынан – 7 адам, Саран қаласында – 9 адам, Шахтинск қаласынан – 4 адам, сондай-ақ Осакаров ауданынан 2 адам ауырғаны анықталды. Олар инфекциялық стационарға жатқызылған. Жағдайы қанағаттанарлық, бекітілген хаттамаға сәйкес ем алуда. Ошақтарда дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілген.
Қазіргі уақытта аймақ бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны – 1624 адам. 716 адам сауығып шыққан.
Өткен тәулікте елімізде COVID-19 салдарынан 7 адам қаза тапса, Қазақстан бойынша жалпы, қайтыс болғандар саны – 88.
Ал, аймақта індеттен 2 адамның бақилық болғаны анықталды. КВИ-ді таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ақпараты бойынша, олар – 1949 және 1939 жылы туған ер азаматтар. Қазаны зерттеу жөніндегі комиссия бұл жағдайларды індет салдарынан болған өлім-жітім ретінде тіркеу туралы шешім қабылдады. Облыс бойынша қаза болғандар саны осылайша, 9 адамға жетті.
– Індет таралуының өсуі еңбек, әлеуметтік, отбасылық қарым-қатынастың ұлғаюына байланысты, өйткені жұғу жиілігі еңбек ұжымдары мен үй жағдайында бірдей. Өкінішке орай, алдын алу шаралары сақталмауда, ел бетперде кимейді, қашықтықты сақтамайды. Сонымен қатар, қызметін қайта бастаған нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режим тиісті түрде орындалмай отыр, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева ведомствоның Facebook-тегі парақшасында.
Ол келтірген деректер бойынша, індет жұқтыру көрсеткіші Қарағанды облысында – 2,8 есеге артқан.
Сондай-ақ, мәліметтеріне сүйенсек, 17 маусым күні таңертең індет жұқтырудың симптомсыз 683 оқиғасы расталған. Оның 97-сі Қарағанды облысына тиесілі.
Коронавирус инфекцияның симптомсыз тасымалдаушылары жалпы статистикаға кірмейді. Қазір олардың саны Қазақстанда – 6175 болса, аймақта – 951.
Ал, жуырда ғана Қарағанды қаласында автобустардың жүруіне шектеу қойылған еді. Облыс әкімдігінің нұсқаулығына сәйкес, кеше қоғамдық көліктер баяғысынша тұрақты түрде жолаушы тасымауға кірісті.
Жәлел ШАЛҚАР.