Бас тақырыпБасты тақырыпКоронавирус

Қауіптің бұлты қайта төнбесін

«Індет бар, жоқ» деп өзара даурығысып жүрген жұрт ең бастысын естен шығарды. Ол – сақтық. Карантиннің кәрі қайтқан бетте, жамырап жаппай көше кезіп, туған-туыс, құдайы қонақтап кеткендер індеттің ел ішін әлі еркін кезіп жүргенін ұмытты. Тиісті құзырлы орындар жақтары талмай, сақтыққа шақырса да, оған құлақ түрген пенде аз. Нәтижесін бүгінгі статистика көрсетті. Күн сайын індет жұқтырғандар азаймай тұр. Қарағанды аймағы облыстар арасында науқастарының көбімен алдыңғы топта. Бұл – жақсы көрсеткіш емес. Карантиннен шығарда, «қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз» деп, ант-су ішіп акт алған кәсіпорын, ұйымдар сол уәделерін тарс естен шығарыпты.

Карантин жеңілдетілген соң бұқара сақтыққа селқос қарай бастады. Мекеме, ұйым, бизнес нысандары да бейқамдық танытты. Оның салдары – науқастардың көбеюі. Қазіргі таңда әр ұйымды кез келген уақытта дербес топ карантин шараларын ұстануына тексеріс жүргізуге құқылы. Ол топтың құрамында, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлері, полиция және кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар.

Осындай құзырлы ұйым өкілдерінен құралған дербес топ 15 маусымға дейін 1928 нысанды аралап, 81 нысанда сақтық шараларын бұзғанын анықтады. Таратып айтсақ, мұнда қоғамдық тамақтанудың 17 нысаны, 49 сауда орны, 4 базар, 7 сауда үйі, 4 шаштараз бар. Мұның бәрі облыстағы 65 топтың рейді барысында белгілі болды.

Бұл нысандарда дезинфекциялық тәртіп сақталмаған. Онда бетперде тағып, қолғаппен жұмыс істеу талабы жолға қойылмаған. Тиісті жуып-шаю жұмыстары уақытылы жүргізілмеген.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аталған деректердің әкімшілік құқықбұзушылықтың және субъектілер мен объектілерді тексерудің бірыңғай реестріне тіркелетінін айтады.

Сонымен қатар, сотқа 13 материал бағытталды. Нақтыласақ, Жезқазған қаласынан – 5, Осакаров ауданынан – 3, Октябрь ауданынан – 3, Бұқар жырау ауданынан –1, Сәтбаев қаласынан – 1 материал сотқа тапсырылған. Бұған қоса, індет анықталу жағдайына байланысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы 2 хаттама сотқа жолданыпты.

Осындай заң бұзушылықтардан соң және облыстағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделі кезеңде екендігі ескеріліп, маусымның 13 жұлдызынан бері Қарағандыға күшейтілген карантин шаралары қайтып келгені мәлім. Сауда және қоғамдық көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерге шектеулер қолданыла бастады. Барлығы бұқараның амандығы үшін.

Осы арада жекелеген әр адамның да жауапкершілігі қажеттігі бесенеден белгілі. Алдын ала айтылған сақтық шараларына жүгініп, өзінің де, өзгенің де денсаулығына немқұрайлықпен қарамау – әркімнің азаматтық парызы. Мұндағы мәселе – сенім, сенімсіздікте емес. Мәселе – жауаптылықта.

Бұқараны үнемі карантинмен бұғаулап ұстау – мүлде мүмкін емес. Бұл ақылға сыймайды. Сондықтан, билік өкілдері қауіптің беті қайтқан тұста, карантин шараларын жеңілдеткені белгілі. Бірақ, мұны ұғынбаған қоғамға қауіптің бұлты қайта төнуі мүмкін.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button