АймақҚаражалЭкономика

Шалғия сумен қамтылады

Қаражал қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 13 жоба жүзеге асырылуда. Шалғия кенті орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Ал, бір кездері қараусыз қалған саябаққа әткеншектер мен спорттық жабдықтар орнатылады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл туралы Қаражал қаласының әкімі Тілектес ДОСАЕВ онлайн-конференция барысында мәлімдеді.

– Біздің өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 11 қалалық және 2 облыстық жоба жүзеге асырылады. Биыл біз жеке сектордағы екінші кезектегі көшелерді, сондай-ақ аула ішіндегі аумақтарды жарықтандыруға кірістік. Келесі аптада Шалғия кентінің тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары басталады. Мұнда жаңа ұңғыма салынып, әрбір үйге ауыз су беріледі, – деді Тілектес Досаев.

Қаражал қаласында жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын жайластыру, мектептер мен ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл барлығы 10 автожол жөнделеді. Оның бесеуі жол картасы аясында және тағы бесеуі қалалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Үш жыл аралығында қаланың орталығын толық асфальттау жоспарлануда.

Биыл Қаражал ауруханасында да күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ол екі кезеңмен өтеді. Жұқпалы аурулар бөлімшесі, қасбеті мен шатыры жөнделетін болады. Сондай-ақ, іргелес аумақты абаттандыру көзделіп отыр.

Қалаға жас дәрігерлерді тарту үшін Ленин көшесіндегі үй қалпына келтіріледі.

Сондай-ақ, бір кездері қараусыз қалған балалар саябағы жанданады. Бұрын саябақ қалалықтардың балалармен серуендеуге арналған ең сүйікті орындарының бірі болды. Онда алтыбақандар мен әткеншектерде сырғанауға болатын. Кезінде балалар қалашығын шағын сәулет нысандары безендірген еді. Алайда, уақыт өте келе, саябақ тозып, қараусыз қалды.

– Екі жыл бұрын біз оны қалпына келтіру туралы шешім қабылдадық. Жұмыстар екі кезеңде өтеді. Алдымен арнайы сәндік қоршаулар орнатамыз, саябақ аумағында жаяу жүргіншілер жолдарын асфальттаймыз, роликодром саламыз, жарықтандыру өткіземіз, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатамыз. Ал, келесі жылы саябақта алтыбақан, әткеншек және спорттық құрылғылар пайда болады, – деді Қаражал әкімі.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Жәйрем кентінде үш мектеп, Мәдениет үйі жөнделіп, жаңа жаяу жүргіншілер жолдары пайда болады.

Тікелей эфирде талқыланған тағы бір мәселе – Қаражал қаласындағы эпидемиологиялық жағдайы болды.

– Өкінішке орай, бізде екі дерек тіркелді. Қаражал мен Жәйремде бір-бірден. Тұрғындардан сақтық шараларын орындауды, мүмкіндігінше көпшілік жиналатын орындарға бармауды сұраймыз. Сіздердің денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда екенін есте сақтаңыздар, – деді Тілектес Досаев.

Қала әкімі қалада жұмыс істеп жатқан нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуын тексеретін үш мобильді топ жұмыс істейтінін атап өтті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button