Облыс әкіміРесми

Қарағанды облысының әкімі мұғалімдерді құттықтады

Қарағанды облысында ұстаздарға құрмет көрсетілді. Биыл мұғалімдер еңбегінің беделін арттыру үшін білім беруді дамытуға қосқан үлесі мен жоғары жетістіктері үшін жаңа марапат тағайындалды. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек “Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы” төсбелгісін құрметті атақтың алғашқы бес иегеріне табыс етті. Оған 1 млн теңгеден астам сомадағы ақшалай сыйақы қоса беріледі.

– Әрқайсымыздың өмірімізде өз Ұстазымыз бар – өзінің даналығымен, жан жомарттығымен, терең білімімен қоршаған әлемді тануға көмектескен, біздің қабілеттерімізді ашқан, белгіленген мақсатқа қалай жетуге болатынын үйреткен адам, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Мен мұғалімдер шын мәнінде көшбасшы екеніне әрқашан сендім. Қазіргі пандемия жағдайында сіздердің міндеттеріңіз – үйрену ғана емес, сонымен қатар тұрақтылық пен сенімділіктің кепілі болу. Сіздердің жұмыстарыңыз үшін, жаңа жағдайларға тез бейімделгендеріңіз, жан-тәндеріңізді салып айналысқандарыңыз және білім беру жүйесіне алаңдағандарыңыз үшін алғыс айтамыз.

Құрмет сыйлығының лауреаттары: бастауыш сынып мұғалімдері Элла Киселева (Сәтбаев қ. С. Сейфуллин атындағы гимназия) және Қарлығаш Ахметжанова (Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының №5 ЖББМ), Тәттімбет атындағы өнер коледжінің мұғалімі Жақсыгелді Кемалов, Жезқазған қаласының №8 гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алма Блялова, Балқаш қаласының №17 ЖББМ география пәнінің мұғалімі Надежда Смирнова.

Комиссия ашық дауыс беру арқылы 73 үміткердің арасынан алғашқы бестікті таңдады.

Әр лауреаттың көп жылдық тәжірибесі және ерекше еңбегі бар.

Элла Киселева – бастауыш мектептің ғылым негіздері бойынша халықаралық олимпиадалардың, “Эму-эрудит” және “Эму-маман” қашықтық марафон-байқауларының ұйымдастырушысы. Оның пікірінше, кішкентай балалармен жұмыс жасауда “құмыраны біліммен толтырмау керек, алауды жағу керек” деген ұстанымды алға тартқан.

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жақсыгелді Кемалов халық музыкасын насихаттауда. Оның тәрбиеленушілерінің үлкен тобы бүкіл ел бойынша консерваториялар мен филармонияларда жұмыс істейді.

 Қарлығаш Ахметжанова, Алма Блялова және Надежда Смирнова – жаңашыл педагогтар, олардың әдістемелерін әріптестері белсенді пайдаланады. Оқушылары олимпиадалар мен байқауларда оңай жеңіске жетеді.

– Мен Балқашта 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеймін. Мен Балқашты өте жақсы көремін және балаларға туған жеріне деген сүйіспеншілікті тәрбиелеймін. Оқушылармен бірге өлкетанумен айналысамыз. Біздің “Туған өлкенің сұлулығы мен құпиясы” жобамыз түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды, оны Алматыдағы спорт және туризм академиясы үздік деп таныды, – деп бөлісті географ Надежда Смирнова.

Кәсіби мереке қарсаңында “Үздік педагог” республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Облыстық кезеңде 14 адам жеңімпаз атанды. Екі қарағандылық республикалық кезеңде жеңіске жетті: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бану Түсіпханова (Шет ауданы, Ж. Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия) және тарих пәнінің мұғалімі Мейрамкүл Табынбекова (Қарағанды қаласы, Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты). Олардың барлығы ақшалай сыйақы алды.

Мұғалімдерге құрмет көрсету облыс бойынша өтуде. Педагогтарға ведомстволық наградалар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етіледі.

Басқа материалдар

Back to top button