Бүгін Ұлытау ауданының орталығында жаңадан салынып, қолданысқа берілген әлеуметтік маңызы зор үш нысанның тұсаукесері өткізілді. Ілкімді түрде іске асырылған жобалардың ашылу рәсіміне аудан әкімі – «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, аудандық және селолық ардагерлер кеңестерінің мүшелері, село тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Нысандардың алғашқысы – Тәуелсіздік көшесі бойындағы «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы бойынша орнатылған ойын алаңы. Бүлдіршіндер алаңсыз асыр салған алаңдағы жарасымды рәсімде жиылған қауымға селодағы Билер кеңесінің төрағасы Сәрсен Бектемісов, қаржы саласының ардагері Әлімбек Жандарбеков және ата-аналар атынан Ұрқия Қозыбаева сөз арнап, аудан басшылығына қапысыз қарекеттері үшін риза пейілдерін бүкпесіз білдірді.
Лентаны қию рәсімін Берік Әбдіғалиұлы мен еңбек ардагері Ыбырахым Байболов жүзеге асырды.
Ел ілтипатын иеленген нысандардың бірі – Аманкелді және Мұқан Иманжанов атындағы көшелер арасындағы өзенше арқылы салынған көліктер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпір. Іс-шарада Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, байырғы журналист Мағзұмбек Машайықов пен ұзақ жылдар көпірге мұқтаж болған көше тұрғындарының өкілі Болат Мұхамбетов ізгі тілектерін жеткізді. Нысанның лентасын қиды.
Осы орайда, биылғы жылы Ұлытау селосындағы 26 көшеге жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын асфальт жол төселгенін айта кеткен жөн. Оның 7-інде бұрын көлік жолы мүлдем болмаған.
Сол күні маңызы мен сәулеті тым ерекше құрылыс нысаны – Сапар орталығы бағытындағы тыңнан салынып, асфальт төселген айналма көлік жолының таныстырылымы өткізілді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.
ҰЛЫТАУ ауданы.