Ана мен бала амандығы үшін

Облыстық клиникалық аурухананың №1 перинаталдық орталығына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері келді. Шетелдік сарапшылар бұдан кейін Түркістан, Ақтөбе облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының перинаталдық орталықтарына барады.Акушерия, гинекология және неонатология саласындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Қарағандыға мониторингтік сапармен арнайы келіпті. Олар №1 перинаталдық орталықтың жабдықталуына, босандыру қызметіне баға берді, медициналық жаттығулар өткізіп, науқастармен әңгімелесті. Осының нәтижесіне байланысты тиімді перинаталдық технологиялар мен антенаталдық күтімді оқыту бағдарламалары жасалатын болады.

Аталмыш орталық жүкті, босанатын және экстрагениталдық патологиясы бар босанған әйелдерге перинаталдық көмек көрсету бойынша 3 деңгейге жатады. Жыл сайын мұнда 5 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. 2000 жылы перинаталдық орталық ЮНИСЕФ бағдарламасы бойынша «балаға достық қарым-қатынас ауруханасы» мәртебесін алған болатын. Өткен жылы бұл мәртебе расталды.

Өз тілшімізден.