«Фольк-хистори» – трендке айналды»
Ұлтқа басымдық беру рухында тарихты қайта жасау – постсоветтік кеңістіктегі тәуелсіздік алған мемлекеттерде кеңінен таралған трендке айналды. Қазір аңдап отырсақ, шала тарихты («фольк-хистори») жасаушылар, әдетте, шынайы тарих ғылымынан ауылы алыс жатқан адамдар. Дені – ақын-жазушылар, шолақ белсенді қоғам қайраткерлері болып келеді. Олар әдетте ғылыми ойлау дағдысынан, ғылыми таным мен талдаудың методологиясы мен әдістемесінен бейхабар.
«Фольк-хистори»-дің пайда болуы, жалпы алғанда, Совет тарихы мен тарих ғылымының маргиналдануына әкеліп соқты. Олардың орнын үстірт жазылатын тарихи беллетристика басты. Тек нақты айғақ – фактілермен дәйектелуі тиісті ұстанымдар екінші планға түсті, оның орнын ой мен бойды ілезде-ақ баурап алатын қызғылықты сюжеттерге құрылған, конспирологиялық нұсқалар, сенсациялық әшкерелеулер, советтік кезеңді мансұқтауға құрылатын тарихты мифологизациялау басты. Білікті қоғам өкілдері тарапынан ешқандай ескертпе айтылмаған соң, «фольк-хистори» республикамыздағы жастардың санасының бір бөлігін иеленді. Ал, мұндай ұстаным жастар арасында бірегейлену процестеріне үлкен ықпал ететіні жасырын емес.
Қазақстан әлі де қалыптасу үстінде, жаңаша төлтума тарихы өзінің шарықтау шегіне әлі де жете қойған жоқ. Тәуелсіздіктің тың субъектісі ретінде ұлттық мемлекетке айналу процесі енді-енді жандану үстінде. Әсілінде, жастардың азаматтық бірегейлігі мәселесінің тарихиобъективтілік сипаты бар дейтініміз сондықтан. Алайда, оны «фольк-хистори» көмегі арқылы шешу әсте де болмайды. Солай емес пе?
Хамит Оразбаев,
тарих ғылымдарының кандидаты