АймақҚаражал

Сенбілікте серпін бар

Қаражалда қаланың ертеректегі келісті келбетін қайыра қалпына келтіру бағытындағы тындырымды әрекеттерге қарап тұрып, кісінің көңілі толады. Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары, сөздің шынайы мағынасында, жоспарлы түрде жүйелі жүргізілуде. Қала әкімдігінің осы мақсаттағы игі бастамаларын жергілікті тұрғындардың қуана қоштап, қолдау білдіруі, әрине, атқарылар істердің тиімді тиянақталуының кепілі.

Көрнекі сурет

Бүгінгі күні қазыналы өңірге араға уақыт салып бара қалған кез келген адамның таңдай қағып, таңданыс білдірері хақ. Қала көшелерін замана талабына сай абаттандыру шараларымен қоса, санитарлық және көгалдандыру жұмыстарына да жете мән берілуде.
Ізгі ниеттен бастау алған іс-шаралар елді мекендерді ретке келтіруге қатысты жарияланған көктемгі екіайлық аясында ерекше қарқын алып отыр. Соған орай, қала аумағында екі облыстық, екі қалалық деңгейдегі сенбіліктер ұйымдастырылып, алты рет «Таза бейсенбі» санитарлық тазалық күндері өткізіліпті. Осы аралықта ортақ мүдделі шаруаға 4467 адам білек сыбана араласып, бей-берекет төгілген күл-қоқыстарды сыртқа шығару жұмыстарына 15 арнаулы техника құралдары тартылыпты. 
Мақсатты жоспарды тындырымды жүргізу нәтижесінде қала көшелері мен гүлзарларға 130 қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылып, 2000 түп шырайгүл өсімдіктері егілген екен. Ең бастысы, оларды күтіп-баптау мәселесі назардан тыс қалмай, жауапты мекемелердің іс-қимылына қатаң бақылау орнату жайы күн тәртібіне қойылыпты. Міне, осы қамданыс жалпы қоғам мүшелерін науқаншылдық пен көзбояушылық ұстанымынан түбегейлі арылтары күмәнсіз.
Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Сатанованың айтуынша, көктемгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру екіайлығы аясында 26 мамырда өткізілген облыстық сенбілікте Абай саябағы аумағы мен Ағыбай батыр көшесі бойында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүргізілген сыңайлы. Дәлірек айтсақ, күл-қоқыс атаулы жойылып, көк өскіндердің түптері қопсытылған, ағаштардың кепкен бұтақтары кесіліп, көлік жолдарының ернеутастары әктелген. Қоршаулар ретке келтіріліп, сырланған. Айтпақшы, сол күні қолдарына күрек пен ара, сыпырғыш пен тырнауыш ұстап, еңбекке жұмылғандардың жалпы саны 1055 адамға жетіпті.
Қысқасы, сенбілікте серпін бар, ал қала тұрғындарының көңілінде ертеңгі күнге деген сенім басым.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button