Жаңалықтар

Сырттай оқу қысқарды

Білім және ғылым министрлігі елдегі колледждерде сырттай оқуға арналған біліктілік тізімін қысқартты. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құзырлы орын таратқан деректерге сүйенсек, бұрын 595 біліктілік бойынша сырттай білім алуға болатын. Енді студенттер 53 біліктілік негізінде білім ала алады. Сырттай оқу студенттерге сапалы дағдыларды бермейтіндіктен, министрлік оларды қысқартуда кезең-кезеңімен жұмыс жүргізді. Бұл жолы сырттай оқу «Құқық», «Білім беру», «Сервис, экономика және басқару» және басқалары алынып тасталды.

«Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы кадрларды даярлауға қойылатын талаптарды еңбек нарығы мен жұмыс берушілер белгілейді. Ол үшін біз сырттай оқу түрінен бас тартып жатырмыз. Сондай-ақ, мұндай шешімді қабылдауға түлектердің оқуды бітіргеннен кейін алатын білім мен дағдыларының жеткіліксіз сапасы себеп болды. Колледждер студенттерге жұмыс орнында білім алуға мүмкіндік беретін ірі кәсіпорындармен және бизнеспен тығыз байланыста жұмыс істейді. Яғни, бұл оқытудың дуалды формасы. Бұл бүгіннің өзінде білім сапасына оң әсерін тигізіп келеді. Сырттай оқыту тізімінен талап етілмеген біліктіліктер, оның ішінде, дайындық сәйкестігін ескере отырып, біреуіне біріктірілгендер алынып тасталды. Жалпы, қысқарту жұмыстарын әрі қарай жалғастырамыз», – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button