Руханият

«Бұл қазақта жігіттер бар мәрт-батыр…»

Түрлі ортада, жиындарда жүргендіктен күніне сан алуан кәсіп иелерімен, қызықты адамдармен танысып, әңгімелесіп жатамыз. Өзіме қызық болған адамдардың телефондарын алып қалып, кейіннен кездесіп, сұхбаттасатын әдетім бар. Қайсыбір жылы WhatsApp желісі арқылы Астана маңайындағы бір тойда қошқар көтерген жігіттердің жарысы тараған болатын. Қазіргі күні бұл ойынға көзіміз үйреніп қалғаны рас. Маған қызық болғаны осы сайыста жас жігіттерді шаң қаптырып кеткен, жасы алпысты алқымдап қалған кісінің жеңуі. Сұрастыра келіп кейіпкерімді де таптым. Сөйтсек, түбі өзіміздің облыстың тумасы екен. Ал, оқырман, сіздерді 61 жасында 120 келілік қошқарды 42 мәрте көтерген Нұралы Намысов ағамызбен таныстыруды жөн санадым. Әрі қарай Нұрекеңнің өзі сөйлесін. Сөзінен-ақ істің адамы екенін аңғарарсыздар…

– Мен, Қарағанды облысы, Нұра ауданының тумасымын. Біздің ауылдан сәл әріректе, шамамен 10-11 шақырымдай қашықтықта Балықтыкөл ауылы болды. Менің Балықтыкөлде достарым бар болатын. Атпен немесе велосипедпен достарыма жиі барып тұратынмын. Сол жылдары Балықтыкөл ауылында студенттер бригадасы құрылыс жүргізіп, ауылға жеті үй салған болатын. Бұл бригаданың жетекшісі, студенттердің басшысы біздің Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді. Ол кезде Нұрекең жалындап тұрған жас жігіт. Көзінен от шашып тұрады. Ол кісінің жастайынан спортқұмар екенін білесіздер ғой. Кешкілік немесе түскі үзіліс кезінде бізді өзара күрестіріп, күрестің айла-тәсілдерін үйрететін әдеті бар еді. Кейде екі командаға бөліп футбол ойнатады. Өздерінің ойындарына бала болсақ та біздерді бөліп алып, қатыстырып тұратын. Мінекей, осылайша менің спортқа деген қызығушылығым оянды. Кейінірек сол Балықтыкөл ауылына әкім болған тұсымда, ауылдағы орысша атауларды қазақшалаған болатынбыз. Студент жастар бригадасы салған үйлердің көшесіне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беріп, бір үйдің қабырғасына сол үйлер жайлы ақпарат беретін кішкене тақта орнаттым.

Менің спорт жолым өте қызық. Көбіне астарда, аудандардың мерейтойларында түйе палуанға түсіп жүрдім. Әрине, маңайдағы турнирлерге де бір адамдай қатыстым. Әйтпесе, қазақша күрестен Қазақстанның спорт шебері, классикалық күрестен Кеңес Одағының спорт шебері деген куәліктерді алмас едім ғой. Менің диплом бойынша мамандығым «Дене тәрбиесі және алғашқы әскери даярлық» пәнінің мұғалімі. Мен ағартушылықты, бапкерлік жолды таңдадым. Еңбек жолымды Амантау ауылынан бастадым. Ауылға спорт зал салғызып, жастарды ұйымдастырып жүріп хоккей кордын да жасадым. Бұл кордты ешкімнің көмегінсіз өзіміз салып алдық. Осылайша балаларға күрестен бөлек хоккей ойнауды да үйреттім.

Амантаудан соң Балықтыкөл ауылында мұғалім болдым. Бұл жерде де бос тұрған үйді басшылықтың рұқсатымен спорт залға айналдырып алдым. Тіпті, сол сексенінші жылдары ішіне душ жасатып, скважина арқылы су келетін жүйе жасадым. Менің жерасты суын іздейтін жолдастарым болған. Солар біздің ауылға келе қалды. Мен оларға мектептің жанынан бір скважина, спорт залдың жанынан бір скважина, ауылдың тағы бір жерінен скважина қаздырдым. Ауылдың үлкендері маған «Сенің есің дұрыс па жерді шұрық-тесік етіп жатырсың? Жерімізді қазып қалсаң су бұрқ ете қалады. Қырыққұлаштық скважина қазатын жер бұл емес» деп сөйлеген болатын. Кейін жерасты суы төмендеп кетті. Сол кездерде мұқым бір ауыл, мен қаздырған 3 скважинадан су ішті.

Қазір Астана қаласы №59 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Күрес өнеріне үйрететін секциям бар. Жалпы, Астанаға 2007 жылы келдім. Келген жылы №57 мектепте мұғалім болдым. Бұл мектептің спорт залы о баста кішкентай ғана болды. Ал, кітапханасы өте үлкен екен. Кітаптары бір бұрышында ғана тұратын. Мектеп директорымен, кірпіш зауытының басшылығымен келісіп жүріп, кітапхананы сәл кішірейтіп, спорт залын үлкейтіп алдық.

Мен жалпы, қазақ күресі, классикалық күрес және қоян-қолтық ұрыс түрінен балаларды дайындаймын. Шыны керек, осы күні шәкірттерімнің санынан шатасатын болдым. Жетістіктерге жеткен шәкірттерім көп. Ал, ауқымын кеңейтер болсақ Азия чемпионы болған екі шәкіртім бар. Әлем чемпионатына қатысқан шәкірттерім бар. Өзімнің жолымды қуып, шәкірт тәрбиелеп жүрген 7 шәкіртім бар. Олардың екеуі Қарағандыда бапкер болса, бесеуі осы Астанада.

Түйе палуандыққа түсіп жүргенде 74 келі болған едім. Қарсыластарым 80- 90 келілік болатын. Тіпті, 140 келілік палуанмен де шыққан кезім бар. Сол жайлы айта кетейін. 1979 жылы Таразда екі дүркін Социалисттік еңбек ері атанған қарияның атындағы турнирге бардым. Бұл өте кең көлемде аталып өткен той болды. Сонымен, еліміздің түкпір-түкпірінен келген палуандар жеребе суырып жатырмыз. Маған тоғызыншы номер бұйырды. Бір кезде шайқала басып, дәу орыс келді. Жұрттар «Мынау Самбодан 6-7 дүркін чемпион атанған Покрышкин» ғой деп шуласып кетті. Оған оныншы номердің түсе қалмасы бар ма? «У кого девятый номер?» деп сұрады әлгі палуан. Менде деп белгі берген маған сәл менсінбей қарады. Ішімнен «Кілем көрсетер кімнің мықты екенін» деп тұрмын. Содан, екеуміздің күресетін кезіміз келді. Әлгі мені көтеріп алып атып ұрмақ, мен аяғымды аяғына орап алып онысына мүмкіндік бермей жүрмін. Анау ұмтылған сайын жалт берем. Бір уақытта қарсыласым әбден шаршады. Жүйкесі сыр беріп бейберекет ұрысқа шыға бастады. Сондай сәттерінің бірінде қателігін пайдаланып, маған жасаған әдісін өзіне қарсы қолдандым. Былай қарасаң мен қатты ештеңе жасаған жоқпын. Әдісті жасаған ол, құлаған кезде астында қалған да сол болып шыға келді. Бірінші белдесуім болса да әлгіні жыққан бетте біраз жігіт ортаға жүгіріп шығып, мені аспанға көтеріп, қалың топтың ішіне көтеріп әкелді. Бұл тойдағы қалған қарсыластарымды қиналмай-ақ жықтым. Сөйтіп, түйе палуан атанған едім.

Ақмоланың 120 жылдығында да түйе палуан атандым. Бұл 1978 жыл. Әуелі, өзімнің 74 келі салмағымда жеңімпаз атандым. Жастықтың буы ұрып, түйе палуанға түскім келіп кетті. Ол кезде сексеннен аспасаң түйе палуанға түспейсің. «Мен Пәленбай да Түгенбай, мертігіп қалар болсам жауаптылықты өз мойныма аламын» деген сарында арыз жазып, бас бәйгеге тігілген атты иемденіп кеткен болатынмын.

Ең үлкен ұтысым үш аяқты «Урал» мотоциклі. Бұл 1992 жылы Ақадырда өткен той еді. Бірінші орынға «Волга», екінші орынға «Жигули», үшіншіге «Урал» тігілген ұлан-асыр той болды. Елдегі ығайлар мен сығайлардың барлығы күресті десем артық айтпаймын. Вячеслав Бердута деген жас дзюдошыдан ұпай бойынша ұтылып, мотоцикл мініп қайтқан едім.

Түйе палуандыққа ең соңғы рет Нұра ауданының 80 жылдығында күрестім. Бұл жолы ІІІ орынды місе тұттым. Жасым елуден асқан шақ қой. Жастар жастығын істеді.

Елордадан 30 шақырымдай жерде Қабанбай ауылы деген ауыл бар. Қайсібір жылы екі шәкіртім бірігіп, әкелерінің 80 жылдығын жасады. Көлік тігіп, аламан бәйге жасады. Екі шақырымдық жаяу жарыс ұйымдастырып, желаяққа 1 млн. теңге табыстады. Сонадай жерде қошқар көтеру болып жатыр екен. Қошқар деген аты ғана. Әйтпесе, арқар дерсің. Мүйізі екі оралған нән қошқар. Өзін таразыға тұрғызып қойыпты. Таразы 120 келіні көрсетіп тұр. Жеңімпаз осы қошқарды алады дегенге желіккен жастың барлығы сол жерде бақ сынауда. Тіпті, қошқарды көтеремін деп құлап, қабырғасын сындырып алғандар да болды. Жедел жәрдем дайын тұр. Жарақат алғандар сол жерде алғашқы көмегін алуда. Мен деген жігіттер қошқарды әрі кетсе 25-30 рет көтеріп жатыр. Бір кезде елуінші болып мен шықтым. Әлгі қошқарды 42 мәрте көтердім. «Әй, жетеді осы. Қошқар сенікі», – деген соң елуге жеткізбей қоя салдым. Негізгі ойым елу рет көтеру еді. Бұрын-соңды қатыспаған дүнием болған соң, мен де байқап көрейін дегенмін. Сегіз оқып жүрген жылы қолымызда бір сиырымыз болды. Шешем сиыр сауады. Анадай жердегі қорадан мен жас бұзауын көтеріп әкеліп беремін. Осылайша қара күзге дейін әлгі бұзауды әрлі-берлі тасып, етім үйреніп алды. Бұл әдетімді қыста да қоймадым. Сөйтіп, торпағым екі жасарлық бұқа болғанша есік алдында көтеріп дайындалатынмын. Өзін көтергенге ол да үйреніп алғаны соншалық, бір ретте тыпыр етпеуші еді.

Жалпы, мен не істесем де беріліп, соңына дейін істегенді ұнатамын. Балықтыкөл ауылына әкім болған жылдарымда да осы мінезімнің игілігін өзім де, ауылдастарым да көріп бақты. Жаман әкім болдым деп ойламаймын. Ауыл халқы өздері сайлаған болатын. Бала-шаға ержеткен соң, Астанаға қоныс аударар кезімде қой сойып, киіз үй тігіп шығарып салулары да соны білдірсе керек.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button