Жезқазғандағы жағдай – бақылауда
Жезқазған қаласында су желілерін жөндеу кезінде құбыр жарылып кетіп, соңы апатқа ұласты. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оқиға орнына барлық қажетті техникалар мен мамандар тартылған. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өзінің “Фейсбук” парақшасында жазды.
“Желінің жалпы ұзындығы – 60 км. Апат қаладан 25 шақырым жерде орын алды. 50 жыл бұрын салынған құбыр әбден тозған. Қазіргі уақытта 389 көп қабатты үй сусыз отыр. Су 3 қабаттан жоғары орналасқан пәтерлерге жетпейді. Тұрғындарға тәулік бойы су тасымалдау ұйымдастырылды.
Қазір жөндеу әрі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық қажетті техника мен мамандар тартылды. Сондай-ақ, оқиға орнында менің орынбасарым Ермағанбет Бөлекпаев пен Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов және тиісті мамандар бар. Бұл жағдай менің тұрақты бақылауымда екенін жеткізгім келеді”, – деп жазды аймақ басшысы.